Ресейде қазақстандық рэпер Ганвестке қатысты іс қозғалды
Фото: instagram.com/biggunwest
Қазақстандық танымал рэпер Ганвест бірқатар әнінде есірткі заттарын насихаттады деген күдікке ілінді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
“Қауіпсіз интернет лигасының” басшысы Екатерина Мизулина Telegram-арнасында музыканттың трек мәтіндері сараптамаға жіберілгенін жазды. Егер “На рахате” хитінің орындаушысының кінәсі дәлелденсе, оған әкімшілік айыппұл салынуы мүмкін.
“Ресей ІІМ-нің Санкт-Петербург бойынша бас басқармасы Ганвест орындаушысына қатысты бірқатар композицияларда есірткі қолдануды насихаттағаны үшін әкімшілік құқықбұзушылық туралы іс қозғады. Әкімшілік тергеп-тексеру жүргізіліп жатыр, материалдар сараптамаға жолданды. Бұл біздің өтінішімізге берілген жауапта көрсетілген”, – деп жазды Мизулина.
Айта кетейік, Ганвестің шын аты-жөні – Руслан Гоминов. Ол 1992 жылғы 11 қарашада Ақтауда дүниеге келген. Қазір Қазақстан мен Ресейде танымал рэпер ретінде белгілі.
Еске салайық, бұған дейін ресейлік БАҚ-та қазақстандық танымал әзілкеш Нұрлан Сабыровқа Ресейге 50 жылға кіруге тыйым салынғаны жөнінде ақпарат тарағаны хабарланған еді. Кейінірек комиктің Ресей азаматтығын алудан бас тартқаны белгілі болды. Сондай-ақ Сабыровтың Ресейге қайтып оралу шарттары жарияланды.
Бірнеше күннен кейін ғана Нұрлан Сабыровтың өзі алғаш рет мәлімдеме жасады.
20 жастағы қазақстандық қызды бұрынғы жігіті қатыгездікпен өлтірді деп айыпталды: Оқиғаның мән-жайы айтылды