Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Ішінен қан кетіп, көкбауырын алып тастаған": Алматыда босанған келіншек отадан кейін көз жұмды

Алматыдағы “Акушерлік, гинекология және перинатология ғылыми орталығында” босанған Александра Исламова екі күннен соң көз жұмды. Марқұмның туыстары қыздарының қазасына дәрігерлердің салғырттығы себеп деп отыр. Айтуларынша, Александра Исламованың жағдайы кесарь тілігімен босандырғаннан кейін күрт нашарлапты. Ішінен қан кетіп, көкбауырын алып тастаған. Тіпті қайта ота жасау кезінде бүйрегі мен бауыры жұмыс істемей қалыпты. Босанамын деп бақилық болған келіншектің туыстары кінәлілердің жазаланғанын қалайды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі КТК арнасына сілтеме жасап. 

әйел

Александра Исламованың үшінші жүктілігі 9 ай бойы қалыпты өтіпті. Айы-күні жетіп, жоспарлы түрде Алматыдағы үздік перинатологиялық орталықтың біріне барған. Сөйтіп 22 маусым күні 30 жасар келіншек кесарь тілігімен қыз баланы дүниеге әкеледі. Артынша сүйінші сұрап үлгерген жас ананың туыстарымен байланысы үзіліпті. 

“Маған қоңырау шалды. “Анашым, отадан шықтым. Барлық жерім ауырып жатыр. Анестизолог жап-жас. Уколды әрең салды. Үш рет дегенде әрең салды мені жылатып. Өзімді жаман сезініп тұрмын. Барлық ішегімді жұлып алғандай” деді. Кейін қоңырау шалатынын айтты. Сосын мүлде байланысқа шықпады. Келесі күні өзіміз келіп, ұрсысып, сағат 14:00-де дәрігерді шақырып білдік”, – дейді марқұмның анасы.

Осылайша марқұмның ауыр халде екенін келесі күні ғана білген. Оның өзінде ішінен қан кетіп, дәрігерлер ота жасауға қайта әкеткелі жатыпты. Алайда себебін ашып тағы айтпады деп ашынады туыстары.

“Екі күннен бері бірде-бір дәрігер келіп, сіңілімнің жағдайы туралы ақпарат бермеді. 23 маусымда сағат 15:00-ге таяу тігілген ішінен қан кетіп жатыр деп қайта отаға дайындап, кешкі 21:00-де бір-ақ шықты. Жарты сағат өткеннен кейін дәрігерлер Александраның ішінде тамырлары жарылып, көкбауырынан қан кетіп жатыр деп ол мүшесін алып тастапты”, – деді марқұмның әпкесі Евгения Орашенко. 

Лезде жансақтау бөліміне жатқызылған келіншекке қойылған диагноз бұл ғана емес. Қан қысымы түсіп, тромбоциті азайып кеткен. Бүйрек пен бауыры жұмыс істемей қалған. 

24 маусым күні анама ғана кіруге рұқсат берді. Аппаратта, көзі мен ерніне дәке таңып қойған. Негізінен жасанды тыныс алу аппаратында аузына түтік пен маска болу керек екен. Ал 25 маусымда бізге қайтыс болғанын хабарлады. Жарты сағатта жетіп, палатасына кірген кезде мәйіттің иісі тәулік бойы жатып қалғандай мүңкіп тұрды. Сонда сіңілімнің о дүниелік болғанын бізден жасырып, бір күннен кейін хабарлаған болып тұр”, – деп қосты Евгения Орашенко.   

Қайғыдан қан жұтқан отбасы сап-сау келіншектің өліміне дәрігерлерді кінәләйді. Ақ халаттылар Александраның орталыққа түскенде денсаулығының жақсы болғанын растап отыр. Яғни алдын ала барлық тексерістен өткізген. 

“22.06.2022 жылы жүкті әйелдің жатырында екі тыртық болуына байланысты жоспарлы кесарь тілігі операциясы жасалды. Операция техникалық жағынан ерекшеліксіз өтті. Босанғаннан кейін, операциядан кейінгі кезең күрделене түсіп, орталықтың медицина қызметкерлері шұғыл шаралар қабылдады”, – деп мәлімдеді “Акушерлік, гинекология және перинатология ғылыми орталығы” АҚ Басқарма төрағасының орынбасары Әлия Айымбетова.

Өлімнің себебі патологиялық-анатомиялық аутопсия нәтижелері бойынша белгілі болады. Қазір Денсаулық сақтау министрлігі тарапынан қайғылы жағдайға тексеру жүргізу үшін тәуелсіз сарапшылар тартылып жатыр. Арнайы комиссия құрылып, полиция департаменті де істі анықтауға кірісіпті. 

“Медеу аудандық полиция басқармасының мәліметінше, бұл дерек бірыңғай соталды тергеу түрінде тіркеліп, қазіргі таңда сот медициналық сараптама тағайындалды. Соның нәтижесінде адамның нақты өлімінің себеп-салдары анықталатын болады. Содан соң қылмыстық іс бойынша процессуалды шешім қабылданады”, – деді Алматы қаласы полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбек. 

Марқұмның артында күйеуі мен 3 баласы қалды. Жаңа туған нәрестесі бүгін  перзентханадан шығарылды.

Талқылау