Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Іргелідегі бала өлімі: Алматы облысының тұрғындары мектеп салуды 5 жыл бойы талап етіп келеді

27 қараша күні Алматы облысы Қарасай ауданындағы "Асыл арман" тұрғын үй кешінінің маңында автобус 8 жастағы баланы басып өлтірген еді. Жергілікті халық жақын маңда мектеп болғанда 3-сынып оқушысы Біржан қыршыннан қиылмайтын еді деп отыр. Тұрғын үй алабының маңындағы мектептің салынып жатқанына 5 жыл болған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Liter.kz порталына сілтеме жасап хабарлайды.

Фото: Видеодан скрин

Марқұм Біржан екі күннен кейін 9 жасқа келер еді. Көпбалалы отбасыдан шыққан ол үйінің үлкені екен. Анасы Аяулымның  "Асыл арман" тұрғын үй кешінінде пәтер жалдап тұратыны белгілі болды.

Жергілікті тұрғындардың айтуынша, тұрғын үй кешенінде автобус аялдамасы болған. Бірақ ол орында қазір мопедтер мен көліктер тұрақ қылып алған. 

“Кәдімгі аялдама бар еді. Қазір мопедтер мен көліктер қаптап тұр. Былық болып кетті. Әкімдіктен “Біреудің өлгенін күтіп жүрсіздер ме?” деп сұраған едік. Сол болды”, – дейді тұрғындардың бірі. 



Мұндағы халықтың басты мәселесі – мектеп. "Асыл армандағы" тұрғындарының саны 20 мыңнан асады. Бірақ балалар күн сайын басын қатерге тігіп, басқа елді мекендердегі мектепке баруға мәжбүр.

“Өз мектебіміз болғанда Біржан бұл аялдамаға келмес еді, тірі қалар еді. Әкімдік осыдан 5 жыл бұрын мектеп саламыз деп уәде еткен. Бірақ мектеп әлі де жоқ. Уәде қайда”, – дейді жұрт.

"Асыл арман" тұрғын үй кешенінің тұрғындары президентке ұжымдық шағым түсіреміз деп отыр. Олар жергілікті билікті баланың өліміне салғырттық танытты деп айыптайды. Жексенбі күні белсенділер жиналыс өткізіп, қол жинап, Қарасай ауданы мен Алматы облысы әкімдігінен жауап алмақ.

Тұрғындар Біржанның өлімін жай ғана кездейсоқ оқыс оқиға деп санамайды. Айтуынша, бұл жүйелі мәселелер мен биліктің немқұрайлылығының салдары.

“Мемлекет балалардың өмірі мен қауіпсіздігіне жауапкершілік алуға міндетті. Бүгін Біржанымыздан айырылдық. Келесі кім”, – дейді ашыған тұрғындар.

"Асыл армандағы" мектеп, балабақша және инфрақұрылым мәселесі тағы да талқыға түсті. Бірақ құр сөзбен ештеңе өзгермейтінін түсінген жергілікті тұрғындар енді әрекетке көшпек.

Бұған дейін Алматы облысында автобус басып кеткен баланы қатарластары итеріп жібергені туралы жазған едік.

 

Талқылау