Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ирандық компания Қазақстанда май зауыты мен құс фабрикасын салады

Тауықтар
Фото: istockphoto.com

Ауыл шаруашылығы вице-министрі Ермек Кенжеханұлы мен Golrang Industrial Group компаниясының басшысы Фазли Мехди Мохаммадкарим Қазақстанда екі жоба – май зауыты мен құс фабрикасын салу жөнінде келісімге келді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, бұл жобаларға салынатын жалпы инвестиция көлемі шамамен 120 миллион долларды құрайды.

Golrang Industrial Group әлі екі агроөнеркәсіптік кәсіпорынның нақты қай жерде салынатынын анықтамаған, алайда компания өкілдері Қазақстанның нақты өңірлерін қарастыруда.

“Алғашқы жобада тәулігіне 3 мың тоннаға дейін күнбағыс өңдейтін заманауи май экстракциялау зауыты салынады. Оған 70 миллион доллар көлемінде тікелей инвестиция тарту жоспарланған. Екінші жоба құны 50 миллион доллар болатын заманауи жұмыртқа бағытындағы құс фабрикасының құрылысы. Жоба өндіріс көлемін ұлғайтуға және өнім сапасын арттыруға бағытталған”, – делінген министрлік хабарламасында.

2025 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан мен Иран арасындағы агроөнеркәсіп саласындағы тауар айналымы 55,8%-ға өсіп, 341 миллион доллардан асқан.

Еске салсақ, бұған дейін қытайлық компаниялар Қазақстанның бірнеше қаласында қонақүйлер мен ойын-сауық кешенін салатыны туралы жазған едік.

Дана Русланқызы
Дүйсенбі, 04 Мамыр, 2026 21:29