Индонезияда жанартау атқылау салдарынан 11 адам қаза тауып, 12 адам жоғалып кетті (видео)
Индонезиядағы Мерапи тауында жанартау атқылауы салдарынан 11 адам қаза тауып, 12 адам із-түзсіз жоғалып кетті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі The Guardian басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Фото: The Guirdan
Мерапи жанартауы 3 желтоқсанда атқылай бастады. Оқиға басталған уақытта оның баурайында 75-ке жуық турист пен альпинист болған. Олар сенбі күні 2910 метрлік шыңға көтерілген. Табиғи апаттан кейін құтқарушылар қаза тапқан 11 адамның мәйітін тапты. Ал іс-түссіз жоғалған 12 адамды әлі де іздестіруде.
Бүгін таңертең жанартау баурайынан 49 адам эвакуацияланды, олардың көпшілігі жарақаттанған. Эвакуацияланған сегіз адам күйікпен, тағы біреуі сүйек сынығымен ауруханаға жеткізілді.
Тағы бір дереккөзге сәйкес, жоғалғандар саны 22 адамға жетуі мүмкін. Іздеу жұмыстары уақытша тоқтатылды, себебі бүгін жанартау қайтадан атқылай бастады.
3 желтоқсанда Мерапи жанартауы өз кратерінен биіктігі үш шақырымға жететін ыстық ақ-сұр күл бағанасын лақтырды. Жанартау күлі шыңға шығып бара жатқан альпинистерді де басып қалды. Атқылау басталғаннан кейін тауға апаратын барлық жол жабылды. Ал жақын маңдағы елді мекендердің тұрғындарына лаваның ықтимал ағынын болдырмау үшін жанартаудан кемінде үш шақырым алыс жүруге кеңес берілді. Жергілікті тұрғындарды күлден қорғау үшін бетперде мен көзілдірік таратылды. Мерапи маңында шамамен 1,4 мың адам тұрады, ең жақын ауылдар жанартаудан бес-алты шақырым жерде орналасқан.
Мерапи жанартауы (индонезия тілінен аударғанда "Отты тау") үнемі атқылап тұрады. Бұған дейін атқылаудан шыққан лава мен күл жақын маңдағы қалалар мен ауылдарды бірнеше рет қиратты. 2010 жылы Мерапи атқылауы кезінде жақын маңдағы елді мекендердің 350 мың тұрғыны эвакуацияланып, 353 адам қаза тапты. Соңғы рет жанартау 2020 жылдың ақпан айында атқылаған.