Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Ыдыс жуып, әйеліме көмектесе бастадым": Нұртас Адамбай исламды қабылдап, қалай өзгергенін айтты

"Исламға келіп, үй шаруасымен айналыса бастадым". Актер, кинопродюсер Нұртас Адамбай намазға жығылып, дінді тереңірек зерттей келе түбегейлі өзгергенін айтады. Зиянды әдеттерден арылғаны бір бөлек, Адамбай исламның арқасында әйелімен қайта табысып, оған деген көзқарасын, қарым-қатынасын өзгерткен. Оған Мұхаммед (с.ғ.с) пайғамбардың өмірі үлгі болғанын айтады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Тимур Балымбетовтың Er-Batyr жобасына сілтеме жасап хабарлайды. 

Дінге келмей тұрғанда Нұртас әйелімен жиі керісіп, тіпті екіге кету туралы шешім қабылдағанын айтады. Сөзінше, отбасылық өмірде жұбайы екеуі бір-бірін түсінбей, ортақ балаларына жазылмас жара салған. 
"Үлкендер өз менінің кесірінен қарым-қатынасын анықтағысы келіп, баласын ұмытып кетеді. Сол кезде оларға жарақат салатынын түсінбейді. Өйткені балаға сол кезде әлем күйрегендей көрінеді. Ол сөзсіз жақсы көретін екі адам, екеуінің арасынан мынау жақынырақ деп таңдай алмайтын екі адам ұрысып жатқанда, баланың ішінде сұмдық нәрсе болады. Мен де әйеліммен ұрысып, өзімді ұстай алмаған кезде балама сол сұмдықты жасап бердім. 

Одан кейін өзіңді кінәлайсың. Иә, олай істеуге болмайтынын түсіндім. Жұбайыммен жараспадық. Мен барлық проблемалардың түп-тамырын жұбайымнан көрдім. Оның мінезі, тәрбиесі дұрыс емес деп ойладым. Өзімнен ештеңе көрмедім. Өзім үшін ең керемет адам болдым. Ең үлкен қателігім де сол еді. Исламда өзгеден емес, өзіңнен кемшілік ізде дейді", –  деп ағынан жарылды Нұртас.



Актер бұл олқылықтың орнын дінге келгеннен кейін толтырған. Ол бөлек тұрған сәтінде жұбайының қадірін түсініп, кейін онымен қайта табысқан. Ал бүгінде оған деген көзқарасы түбегейлі өзгерген. Бұған дейін "мен еркекпін" деп кеудесін керген Адамбай енді үй шаруасына да атсалысатын болған. 

"Құранда айтылады: ер адам әйелін қорғауы, қамқор болуы, киіндіріп, тамақтандыруы, оған жылы сөздер айтуға міндетті. Бұл Алланың бұйрығы, сенің қалауың емес, міндет. Күйеуісің бе, онда әйеліңнің әдемі екенін айтатын бірінші адамсың. Сен айтпасаң, ол сырттан айтатын адам іздейді. Өйткені бұл сенің міндетің. Мен осы нәрселерді ойлана бастап, Мұхаммед (с.ғ.с) пайғамбардың өмірін оқи бастадым. Ол бізге үлгі ретінде берілген. 

Мұхаммед пайғамбар (с.ғ.с) барлық мұсылмандардың билеушісі болса да, үйде ыдыс жуып, киімін тазалағанын білгенде, "бұл менің жұмысым емес деп ойлайтындай мен кіммін?" деп ойладым. Үйде ыдыс жуа бастадым. Әйеліме көмектесейін деп айтатын болып, көз алдымда ғажайып бола бастағанын көрдім. Оның ризашылығын сезіндім. Әңгіме кімнің ыдыс жуғанында емес, сенімен бірге тұратын адамның бәрі ортақ екенін түсінгені. Ер адамның "сыпыру, шаң сору, қоқыс төгу әйелдің ісі" деп ойлауы ақымақтық, қажет емес ой. Осы нәрселерді шын қалауыммен істей бастаған кезде... Жұбайым онсыз да ерте тұрып таңғы ас дайындайды, біресе ананы, біресе мынаны істейді. Ал оған дейін екеуміз бөлек тұрған кезде Алла Тағала маған көрсетті. Бір үй қызметшісі істей алмай, екінші үй қызметшісінің қолынан келмеді. 
Шелекті алып, еденді жуа бастадым. Бір кезде басым айналып, отыра кеттім. Мұның қаншалықты қиын іс екенін түсіндім. Бұрын әйеліме айтқан сөздерімді еске алдым. Одан бөлек, бала бар, оның киімі, тамағы, шаруасы бастан асады деп ойладым", – дейді Адамбай.

Талқылау