Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Гүлнұр Мамасарипова: Нұрболханның даусын естігенде өзім де таңғалдым, ол жобаға өзі сұранып келді

Көпшіліктің қызу талқысына түскен "Маска" жобасы әлі де ел аузында. Көрерменнің бірі қуанышын білдірсе, бірі сынын айтып қарсы болды. Жоба продюсері Гүлнұр Мамасарипова көпшіліктің көкейіндегі сұрақтарға жауап берді. 

Бұл туралы "Таңғы хабар" арнасында айтылды.

Гүлнұр Мамасарипова "Маска" бағдарламасының Корей елінің бағдарламасы екенін айтады. Ол елден рұқсат алу, көрермен шақыру үшін жоғары жақтан рұқсат сұрау, келісімшарт жасау, ән жазу, адам жинау секілді жұмыстардың ауыр өткенін айтты. Ал көрермен тек оңай түрін ғана көрді дейді продюсер. 

"Бұл Корей елінің жобасы. Әлемдік деңгейге жеткен жоба. Жобаны өз елімізде өткізу үшін рұқсат алу керек болды. Өзімізде көрермен жинау үшін тағы рұқсат керек болды. Себебі бұл пандемия кезінде түсірілген жоба. Бізге көрермен толтыруға рұқсат еткен жоқ. Ал талап бойынша, көрермен актерлерді іріктеуге қатысу керек болған. Сондықтан барлық жауапкершілік әділқазыларға түсті. Қанша мамандарға, музыканттарға хабарластық. Әділқазы алқасында болыңыз деп ұсыныс айттық. Бірақ бәрі келіскен жоқ. Олардың бірі әнші емес, бірі актер, бірі блогер, бірі тележүргізуші деген секілді таңдау болды. Маған көпшілік әділқазылар дұрыс емес деп жазды. Бірақ менің шақыртуымды алмаған қанша әншілер бар", – деді продюсер. 

Гүлнұр ханымның айтуынша, ол Әміре, Ерден, Айри секілді әншілерге өзі ұсыныс айтқан. Себебі нағыз таланттарды жобаға қатыстыруға тырысқан.



"Жобада бәрі құпия болғандықтан адамның атағы маңызды болған жоқ. Егер кім қатысып жатқаны белгілі болса, онда рейтинг қуып көпшілікке қызық деген адамдарды тартар едік. Бірақ мен нағыз талантты, көрінбей қалып жүрген әншілерді тарттым. Себебі онда кімнің кім екенін ешкім білмейді. Әміреге де, Ерденге де, Айриге де, Гүлнәз Жолановаға да, Әлішерге де өзім ұсыныс айттым. Оларды өзара іріктедік. Мен сырттай даусын танымағандарын жобаға алдық", – деді Мамасарипова. 

Гүлнұр ханым жобаға Нұрболхан Шараповтың өзі сұранып келгенін айтты. 

"Нұрболхан өзін ұсынды. Өзі сұранып келді. Оның ән айтатынын ешкім білген жоқ. Мен де білген жоқпын. Шоуға Нұрболхан қатысып жатыр деп ешкім ойламады. Жобаға әншіден басқа да адамдар қатыса алатын болған соң оны алдық. Ән жазып келіп еді, оның даусы емес шығар деп күмәндандым. Біреудің даусын жазып келді ме деп ойладым. Солай студияға шақыртып ән айтқызғанда өзіміз таңғалдық. Солай оны қабылдадық. Аяғында финалға дейін барды. Оны ешкім финалға барады деп ойламады", – деді Гүлнұр ханым. 

Продюсердің айтуынша, маска иесінің кім екенін табу талап емес. Бұл байқау не жарыс емес, жай ғана шоу дейді ол. 

"Бұл шоу. Оған бола қайғырудың керегі жоқ. Әділқазылар кімді шешеміз десе, өзі біледі. Олардың масканың артындағы кім екенін табуы міндетті емес. Бізде ондай талап болған жоқ", – деді Гүлнұр ханым.

Ал Ерден Жақсыбеков жеңетінін о баста ойламағанын, әлі күнге дейін сенбей жүргенін айтады. 

"Мен алдын ала білген жоқпын. Мен жеңімпаз боламын деп ойламадым. Ел айтып жүргендей 3 млн ақша алған жоқпын. Бұл жарыс емес. Сондықтан ондай жүлде жоқ. Мен тек таза темірден жасалған ескерткіш алдым. Кей көрермен Бүркітті жеңімпаз деп жатыр. Оған еш өкпем жоқ. Ондай сыннан өткенмін. Өнерге қазір келген жоқпын. Қайғырып жатып қалмаймын. Әркімнің өз таңдауы бар. Өз пікірі бар. Құлақ аспаймын", – деді жоба жеңімпазы. 

Талқылау