Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Әміре: Қазақстандағы мен қатысқан жобалардың ешқайсысы әділетті өткен жоқ

Әміре лақап атымен танылған Ернар Садырбаев өзі қатысқан жобалар мен өз шығармашылығы жөнінде айтты. "Маска" жобасы мен басқа да қазақстандық жобалардың қалай өтетіні туралы сөз етті. Әміре жастарға қолдау болса екен дейді.

Бұл туралы әнші Тимур Балымбетовпен болған сұхбатында айтты. 

Әміре Беларусь елінің Витебск қаласында өткен "Славян базар" байқауында бірінші орынды жеңіп алды. Халықаралық байқаулардың жүлдегері Қазақстандағы жобалардың ешқайсысында жеңіске жеткен жоқ. Мұның өз себебі бар. 

"Мен "Маска" жобасында жеңбейтінімді білдім. Бірақ финалға шығам деп ойладым. Себебі, егер әділқазылар таппаса, әрі қарай жүре берем деп ойладым. Сондықтан әр кезде әр дауыспен, әр қимылмен шығып, өзімді танытпауға тырыстым. Алайда мені алып тастады. Бірақ менің жобадан шығып кеткенімнің өзі шоу болды. Солай қызық болды. Көрерменнің мені қабылдағанын, мені жақсы көргенін білемін. Бірақ мен "Маскадан" керегімді алдым. Маған сол жетеді. Мен жеңу үшін келген жоқпын. Осы уақытқа дейін қанша ән жаздым. Қанша еңбектендім. Қанша  жарыстарға бардым. Сөйтіп жүргенде тез таныла қоймадым. Ал "Масқада" сахнаға шығып жай ғана ойнай салып едім, ол көпке тарап кетті. Менің әндерім де, атым да тарап кетті. Менің жоба ұйымдастырушыларына алғысым шексіз", – деді әнші. 

Айтуынша, ол қатысқан кез келген жоба әділетсіз. Оның тіпті жеңімпазы алдын ала белгілі болады.

"Мен финалға барам деп ойладым. Бірақ олай болмады. Ол жерде құпия сақталады. Ешкім кім кім екенін білмейді. Әділқазылар да білмейді. Мен сыртынан тыңдап отырып қай маскада кім екенін танып алдым. Өзім пайымымша, кім жеңетінін де ойлап қойдым. Егер сол жеңсе, тек қуанар едім. Себебі, оған жеңіс керек. Мен өз керегімді алдым. Финалға Арыстан мен Арқар шығады деп ойлаймын. Бірақ кәсіби тұрғыда алғанда олар дәл финалға лайық деп айтпас едім. Үшінші болып Бүркіт тұруы керек еді олардың жанында", – деді Әміре. 


Продюсері: "Әміреден" Төреғали сияқты той әншісін жасамаймын


Әміре "Бүркіт" жобасын жеке қолға алған. Бұл тыңдарманның ықыласы мен сұрауынан туған дүние. Сондықтан Әміреден бөлек, Әміренің табиғатынан тыс "Бүркіт" жобасы дайындалып жатыр. 

"Әрбір өнер адамы бір қиындықтан өтеді. Моральді, физикалық тұрғыда болсын. Мен "Славян базары" байқауынан келген соң әр қаланы аралап, өнер көрсеттік. Бір күні сахнаның сыртында тамақтанып отырсам, бір кісі мені шақырды. Барсам менің бетіме қарап сонша таңғалды. Мен содан бастап ауыра бастадым. Денем дел-сал болып, әлсіздік басты. Басым ауырды. Сахнада құлап қалатындай сезіндім. Мүмкін менің таныла алмауыма да сол кездер кері әсер еткен шығар. Мен солай 5 ай ауырып жүрдім. Кейін дем салғыздым. Мұсылманбыз, Аллаға  шүкір. Солай жазылдым. Барлық өнер адамы ондайдан өтеді. Мен мүмкін сол кезде дайын болмаған шығармын", – деді әнші. 

Әміре "Маска" жобасындағы айтқан ескі әндердің аранжировкасын өзгеше леппен өз командасы жасағанын айтады. Ол әндер жоба продюсерлерінің жұмысы емес. 

"Менің өзімнің командам бар. Жобаға алдын ала өз талабымды қойғанда, әндерімді өзім жазып әкелсем деп талап қойғанмын. Сондықтан әндердің жаңа нұсқалары өзімізге тиесілі", – деді Әміре.

Әншінің айтуынша, елімізде жас әншілердің байқауда топ жарып, тез танылып кетуіне талантынан бұрын қаражаты көмектеседі. Сондықтан шын таланттар тасада қалады дегенді айтты. 

"Менде көп қаражат жоқ. Мен бәрін ақшамен шеше алмаймын. Менен де асқан таланттар бар. Бірақ бәрінің сағы сынған. Жастарға қолдау болса екен деймін. Шын талантты бағалағанда ғана мәдениетіміз, эстрадамыз дамиды", – деді ол. 

Талқылау