Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Гүлнәз Әлімгерей: Өткен өмірі дұрыс болмаған әйелдердің өзін "ханым" атап, жұртқа ақыл үйретіп жүргені несі?

Гүлнәз Әлімгерей қыз-келіншектерге ақылы білім беріп, ақыл айтып жүрген ханымдарды сынға алды. Тележүргізуші ханым атына қандай әйелдерді лайық екенін атады. 

“Байқасам, қазір өзін ХАНЫМ жариялап, елге ақыл үйретіп жүрген қыз-келіншектер көбейді. Сол ханым атына қандай әйел лайық?

Меніңше нағыз ханым – төрт құбыласы тең жан. Мәселен, өмір шеңбері деген терминді естіп жүрген шығарсыздар? Осы өмір шеңберінің барлық сферасында үйлесім (гармония) тапқан әйел – нағыз ханым.

Тағдырына ренжулі, бай-баланың көңілін таппаған, жақынына жақпаған, досты қадірлемеген, қызмет иә бизнесте белгілі дәрежеге жетпеген, барды үлгертіп, жоқты білдіртпеген, т.т әйел азаматшалардың өзін ханым атап, жұртқа ақыл үйрететініне қынжыласың кейде”, – деп жазды тележүргізуші. 

Гүлнәз Әлімгерей ақыл үйретуші ханымдардың бәрі бір сценариймен өткенін баяндайды деп кейіді. Өткені дұрыс болмаған, ешкімнің көңілін таппаған әйел басқаға не үйретеді деп қынжылды.



“Сосын бәрінде бір сценарий ғой, шіркін: кедей болған, бәрі оны кеміткен, енесінен теперіш көрген, күйеуінен таяқ жеген, құрбылары менсінбеген, бизнесте аузы күйген. Бүкіл әлемге ренжулі, кекшіл ХАНЫМ сонда жұртқа жөні түзу не үйретеді? Әлгі коучтеріміздің "жақсыны көрген адам жақсы айтады, іші негативке толы адам тек жамандық көреді" дегендері қайда қалды?

Ал сол тренингтердің бірін жібермеуді әдетке айналдырған қыз-келіншектерді қайтесің? Неғылған "созылмалы дерт" бұл деймін-ау🤔шипасы жоқ?! Әрине, оқып-білгеннің артығы жоқ. Бірақ бұл пайдалы білім бе? Кімнен не үйреніп жүргеніңізге назар аударасыз ба?
Бір уақыт өздеріңізді тоқтатып сұраңызшы: "не пайда маған осыдан" деп. Менімен келісесіз бе?” – деп жазды. 

Журналист қыз-келіншектерге ақыл айтқыш әйелдердің арбауына түспей, өз ақылыңызбен жұмыс істеңіз деп кеңес берді. 

Желідегі оқырмандары оның сөзін қостай кетті.

“Көкейде жүрген ойды қозғадыңыз. ХАНЫМ деген сөздің қадірін кетірген уақыт болып тұр. Ханым деп парасат пайымы жоғары, салихалы әйелдерді айтады. Сөздің де, адамның да құнсызданған кезеңі”, “Біреудің ақылымен өмір сүретін қыз-келіншектер көбейіп кетті. Олардың жан-дүниесі, ой-өрістері төмен екендігін көрсетеді. Біреудің айтқанына сеніп, не айтса да бастарын шұлғып, солардың айтқанын істеп өмір сүреді”, “Иә, әрине, келісем. Өйткені қазір сапасыз әңгімесімен қыз-келіншектерді баурап алып жүрген блогерлер көп. Арзан атақ, оңай ақша табу жолдарын айтып қызықтыра түсуде. Сол тренингтерге не үшін қатысып отырғандарын да білмейді кейбіреулер”, – деп жазды олар. 

Талқылау