Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Грузиядағы қазақ қызының өлімі: Күдікті Мұрат Мейірбеков кінәсін мойындамады

Грузияда былтыр қаза тапқан қазақстандық қыздың ісіне қатысы бар күдікті Мұрат Мейірбеков өзін кінәсіз санайды. Айтуынша, 13 айдан бері тергеу органдары ешқандай дәлел таппаған, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі “КТК” арнасына сілтеме жасап. 

Тергеудің ұзақ уақытқа созылғанына шүйліккен күдіктінің адвокаты енді тезірек сот отырысының өткенін талап етіп отыр. Мейірбековке Қылмыстық кодекстің екі бабы бойынша іс қозғалған: адам саудасы және зорлау.

“Міне 13 ай болды. Бір таңқаларлығы, 12 айдың ішінде Мейірбековтің қатысуымен бірдебір тергеу әрекеті болмады. Ол бостан бос қамауда отыр. "Адам саудасы" бойынша ешқандай дәлелдері жоқ. Әйтпесе бұл ең ауыр бап. Шынымен дәлелдері болса, баяғыда-ақ, сот болатын еді. Ал бұл баппен факт болмаған соң, әдейі "адам зорлады" деген бапты қосып отыр”, – дейді күдіктінің қорғаушысы Шыназбек Маханов.



Ал марқұмның анасы жарияланбаған ақпараттар да бар екенін айтты.

“Экспертиза тістерінің сынғанын көрсетті. Бауыры езілген. Сүйектері сынған. Қалай?  Бала сегізінші қабаттан секірді дегенге күлкім келіп тұр. Кранмен түсірген бе, қалай түсіргенін білмеймін. Тағы бір нәрсе бар. Бірақ оны айта алмаймын”, – дейді марқұм Әсел Айтбаеваның анасы Айсұлу Айтбаева.

Еске салайық, өткен жылы 6 мамырда қазақстандық бойжеткен Грузияда түсініксіз жағдайда көз жұмғаны айтылған еді. Тергеу мәліметтеріне сәйкес, ол тоғызыншы қабаттан құлап кеткен. Кейіннен Грузия бас прокуратурасы Әселдің зорланғаны туралы мәлім етті.  Өлер алдында ол досына аудио хабарлама жіберіп үлгерген, онда ер адам оған зорлық-зомбылық көрсетемін деп қорқытқанын естуге болады. Сонымен қатар,  қыздың өлімін егжей-тегжейлі тергеу үшін Қазақстан ІІМ Грузияға өзінің тергеу-жедел тобын жібереді.

Әсел Грузияға өзінің алыс туысы – немере әпкесінің күйеуі Мұрат Мейірбековтың шақыруымен жұмыс істеуге барған. Ол қыздың өліміне қатысы болды деген күдікпен ұсталды. Сондай-ақ іс бойынша күдіктілердің қатарында Грузия азаматы да бар.

Талқылау