Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Google әлемдегі ең қымбат бренд атанды

Google бренд
Фото: magnific.com

Google компаниясы 2018 жылдан бері алғаш рет Kantar агенттігі құрастырған әлемдегі ең қымбат және ең мықты брендтердің жылдық рейтингінде бірінші орынға шықты. Осылайша, соңғы төрт жыл бойы көш бастап келген Apple компаниясын бірінші орыннан ығыстырды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Kantar BrandZ есебіне сәйкес, Google брендінің құны бір жылда 57%-ға өсіп, 1,5 триллион долларға жеткен. Сарапшылардың пікірінше, мұндай күрт өсімге генеративті жасанды интеллекттің қарқынды дамуы, жаңа модельдердің іске қосылуы және Gemini жүйесінің компанияның негізгі сервистеріне, соның ішінде іздеу жүйесіне интеграциялануы себеп болды. Бұған қоса, деректер орталықтары инфрақұрылымына салынған инвестициялар да әсер еткен.

Apple екінші орынға тұрақтап, бренд 1,4 триллион доллар деп бағаланды және жылдық өсімі 6% болды. Бұған дейін Apple 2022-2025 жылдары рейтингте көш бастаған, сондай-ақ 2015 жылға дейін жеті жыл қатарынан бірінші орынды иеленіп келді.

Anthropic алғаш рет үздік 100 бренд қатарына кіріп, 27-орынды иеленді. Компания бренді 96,6 миллиард доллар деп бағаланды.

Ал OpenAI рейтинг қатысушыларының ішінде ең жоғары өсім көрсетіп, бір жылда 285%-ға артқан. Kantar мәліметінше, бұдан жоғары көрсеткіш тек 2008 жылы BlackBerry компаниясында тіркелген.

Сонымен қатар Kantar Азия технологиялық брендтерінің де жылдам өсіп жатқанын атап өтті. Alibaba құны 51%-ға, Xiaomi – 48%-ға, ал Tencent – 45%-ға артты. Tencent 2023 жылдан бері алғаш рет әлемдегі ең ірі брендтердің ондығына қайта енді.

Kantar BrandZ рейтингіне енген барлық компаниялардың жиынтық бренд құны жылына 22%-ға өсіп, 13,1 триллион долларға жетті. Осылайша, рекордтық көрсеткіш орнатты.

Рейтингті құру кезінде Kantar тек компаниялардың қаржылық көрсеткіштерін ғана емес, сонымен қатар "бренд күші" көрсеткішін де есепке алады. Бұл – брендтің жоғары бағаны ұстап тұру қабілеті және тұрақты тұтынушылық сұраныс қалыптастыру мүмкіндігі. Бағалау үшін S&P Global деректері және агенттіктің жеке Meaningful, Different, Salient (MDS) моделі қолданылады.

Айым Болатқызы
Дүйсенбі, 18 Мамыр, 2026 10:09