Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Мексикалық шенеунік әлем чемпионатында жанкүйерді "қысық көз" деп қорлағаны үшін қызметінен кетті

Мексика шенеунігі Оңтүстік Корея жанкүйер
Фото: Видеодан скрин

Мексикалық шенеунік 2026 жылғы футболдан әлем чемпионатының финалдық кезеңінде нәсілшілдік әрекеті үшін жазаланды. Халиско штатының Ақпараттық технологиялар колледжінің президенті Улисес Фернандо Берналь Мирамонтес Оңтүстік Корея жанкүйерін келемеждегені үшін қызметінен босатылды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Бұл оқиға әлем чемпионаты матчында Оңтүстік Корея мен Чехия құрамаларының ойыны кезінде трибунада болды. Кездесу нәтижесінде Оңтүстік Корея құрамасы 2:1 есебімен жеңіске жетті.

Ойын кезінде 6,6 миллионнан астам оқырманы бар танымал оңтүстіккореялық ютубер Юн Су Джин стадиондағы қуанышты атмосфераны видеоға түсіріп тұрған кезде, оның дәл артында отырған мексикалық жанкүйер өте дөрекі әрі қорлайтын әрекет жасады. Ол камераға тік қарап, саусақтарымен көзін қысып, азиялық, әсіресе корей халқы мен жалпы Шығыс Азия тұрғындарын мазақ қылатын нәсілшілдік белгі көрсетті.

Бұл бейнежазба әлеуметтік желіде тез тарап кетті. Желі қолданушылары оның бұл әрекетін қатаң сынап, оны ашық нәсілшілдік деп атады.

“Мен футболдан әлем чемпионатын көру үшін жарты әлемді жүріп өттім. Ал мұнда нәсілшілдікпен бетпе-бет келдім. Мүмкін мен тым сезімтал шығармын”, – деп жазды Юн Су Джин.

Мексикалық жанкүйерлердің Оңтүстік Кореяға деген ерекше ара қатынасы назар ауды. Бұл байланыс 2018 жылғы әлем чемпионатынан басталған, сол кезде Оңтүстік Корея Германияны жеңіп, Мексиканың топтық кезеңнен шығуына көмектескен еді. 

Мексикалық жанкүйерлер – Оңтүстік Кореяның үлкен жанкүйерлері ретінде де белгілі.

Интернет қолданушылары видеодағы адамды тез анықтап, оны Мексиканың Халиско штатындағы кәсіби агенттіктің басшысы екенін анықтаған. Салдарынан Улисес Фернандо Берналь Мирамонтес жұмысынан айырылды.

Қоғамдық қысымнан кейін Берналь видео арқылы көпшілік алдында кешірім сұрады. Бұрынғы шенеунік сондай-ақ Юн Су Джинмен жеке хабарласып, кешірім сұрауға тырысқан. 

Бұл оқиға халықаралық БАҚ-тың ерекше назарын аударды, себебі Мексика қазір 2026 жылғы футболдан әлем чемпионатын бірге ұйымдастырушы елдердің бірі болып саналады.

Сондай-ақ 19 маусымда топтық кезеңде Мексика мен Оңтүстік Корея құрамаларының тікелей кездесуі өтеді деп жоспарланған, сондықтан жағдай одан әрі ушығуы мүмкін.

Айым Болатқызы
Дүйсенбі, 15 Маусым, 2026 11:52