Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Фристайлшы Анастасия Городко Әлем кубогының күміс жүлдесін иеленді

Канадада өтіп жатқан Әлем кубогының кезеңінде отандасымыз параллель-могулдан екінші болып келді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Фото: instagram.com/nastya_freestasya

Вал Сент-Комда өткен жарыста Анастасия 1/8 финалда австралиялық Шарлотта Уилсонды жеңді. Есеп 27:8. Ширек финалда ол канадалық Майя Швинхаммерді 19:16 есебімен жеңіп, өз үстемдігін көрсетті.

Жартылай финал Городко үшін оңайға соқпады. Себебі, бұл кезеңде отандасымызды олимпиада чемпионы, франциялық Пьеррин Ляфонт күтіп тұрған еді. Қазақстандық спортшы тартысты өткен бәсекеде  20:15 есебімен жеңіске жетіп, финалға жолдама алды.

Алтын үшін таласта Анастасия Городко американдық Джаелин Кауфқа есе жіберді. Осылайша бұл дүбірлі додада күміс медаль иеленді. Бұл жүлде Анастасияның спорттық мансабындағы Әлем кубогынен жеңген алғашқы жүлдесі.

Бұған дейін отандасымыз ересектер арасындағы әлем чемпионатында параллель могулдан қола медаль жеңіп алған. Сондай-ақ жақында ғана Туринде өткен қысқы Универсиада-2025 ойындарында екі алтын жүлде иеленген еді.

Талқылау