"Беті мен ішіне соққы жасаған": Жолаушы Алматы аэропортының қызметкеріне шабуыл жасады
2024 жылғы 14 қаңтарда Алматы халықаралық әуежайында FlyArystan әуе компаниясының жергілікті қызметкеріне жолаушы шабуыл жасады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: Видеодан скрин
Әуе компаниясы баспасөз қызметінің дерегінше, FS 7057 "Алматы – Астана" рейсінің жолаушысы тіркеу орнына ұшып шығуға 30 минут қалғанда келіп, рейске тіркелгенін растағаннан кейін тексеру аймағына өткен. Алайда отырғызу 30 минут бұрын басталатындықтан, жолаушы үлгермей қалған.
"Бұдан кейін жолаушы қайтадан тіркеу аймағына оралып, оны тексеру аймағына жіберген қызметкерге агрессивті мінез көрсете бастады. Оқиға барысында жолаушы қызметкердің телефонын лақтырып жіберген. Оның беті мен ішіне соққы жасап, сөзбен қорқытуын жалғастырды. Бұл агрессиялық әрекет бейнебақылау камералары мен куәгерлердің алдында тіркелген", – делінген хабарламада.
Баспасөз қызметі әуе тасымалдаушысы өз қызметкерлеріне және басқа жолаушыларға қатысты зорлық-зомбылықтың кез келген түріне, соның ішінде физикалық шабуылдарға, қорқытулар мен балағат сөздерге нөлдік төзімділік саясатын қатаң ұстанатынын еске салды.
"Деструктивті мінез-құлық көрсеткен жолаушы қолданыстағы заңнамаға сәйкес жауапқа тартылады. Әуе компаниясы сонымен қатар өз қауіпсіздік саясаты аясында тиісті шараларды қолдану құқығын, соның ішінде жолаушыны қара тізімге енгізу мүмкіндігін өзінде сақтап қалады. Біз әр жолаушының өзінің мінез-құлқы мен басқаларға құрмет көрсету нормаларын сақтауға толық жауапты екенін ерекше атап өтеміз. Рейске уақытында келу – бұл жолаушының жеке жауапкершілігі екенін есте ұстау маңызды", – деп мәлімдеді баспасөз қызметі.
Еске салайық, бұған дейін FlyArystan әуе компаниясының Астана-Өскемен рейсіне отырғызу кезінде жолаушылардың бірі бортсерікке шабуыл жасаған. Оқиға туралы журналист Азамат Ерғалиев әлеуметтік желідегі парақшасында жазды. Журналистің айтуынша, 50 жас шамасындағы ер адам ұшаққа отырғызу басталғаннан-ақ өзін агрессивті ұстаған. Бұдан кейін де ер адам өзін жөнсіз ұстауын жалғастырып, басқа жолаушыларға, соның ішінде жазба авторына да тиісе бастаған.
Полицейлер келгеннен кейін ұшақтағы барлық жолаушы ұшақтан түсіріліп, рейс кейінге қалдырылған. Әуе компаниясы әзірге бұл оқиғаға қатысты ресми мәлімдеме жасаған жоқ. Полиция Астана-Өскемен рейсінің 47 жастағы жолаушысының ұсталғанын хабарлады.