Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Енді несие алған қазақстандықтар одан 14 күн ішінде қайта бас тарта алады

қаржы
Фото: ChatGpt арқылы жасалды

Қазақстанда 12 қазаннан бастап азаматтар несие алғаннан кейін 14 күн ішінде одан бас тарта алады. Мұндай жағдайда банк айыппұл салмайды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі LS басылымына сілтеме жасап хабарлайды. 

 

Жаңа ережені Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі енгізді. Бірақ бұл мүмкіндік тек кепілсіз несиеге қатысты. Яғни, несие алу үшін үйін, көлігін немесе басқа мүлкін кепілге қоймаған адамдар ғана бұл ережені пайдалана алады. Егер адам несиеден бас тартса, банк оған айыппұл сала алмайды. Дегенмен ақшаны пайдаланған күндері үшін пайыз төлеуге тура келеді.

Егер адам несие алған кезде қосымша сақтандыру рәсімдесе, одан да бас тарта алады. Мұндай жағдайда сақтандырудың пайдаланылмаған уақытына тиесілі ақша қайтарылады. Бірақ банк немесе микроқаржы ұйымы қызмет көрсетуге кеткен нақты шығынын ұстап қалуы мүмкін.

Несие бермес бұрын банк клиентке 14 күн ішінде одан бас тартуға болатынын айтуы керек. Сондай-ақ несие бойынша қанша ақша қайтаратынын, қандай шарттар барын және қандай тәуекелдер болуы мүмкін екенін жасырмауға тиіс.  

Бұдан бөлек, банк клиентке несие алуды немесе қосымша ақылы қызметтерді күштеп ұсына алмайды. Жаңа ереженің мақсаты — азаматтарға несие алу туралы шешімін қайта ойлануға уақыт беру және банктердің шарттарын түсінікті ету.

Гүлсезім Мұхатай
Сейсенбі, 13 Қазан, 2026 11:50