Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Эвтаназия" сөзі "өлтіруге" ауысты: Мәжіліс бұралқы жануарлар туралы заңға қатысты Сенат енгізген ескертулермен келісті

ит
Фото: pixabay.com

Мәжіліс депутаттары жануарлар туралы заңға енгізілген түзетулерге қатысты Сенаттың ескертуімен келісті. Осылайша бұралқы жануарларды ұстап алғаннан кейін 5 күннен соң өлтіру туралы норманы қайта қарау туралы шешім қабылданды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Депутаттар бұралқы иттерді ұсталғаннан кейін 5 күннен соң өлтіру туралы норманы заңға енгізбейтін болды. Енді жануарларға эвтаназия жасау мерзімін әр өңір жеке анықтайтын болды. Бұл мәселемен жергілікті мәслихаттар айналысады.

Олар шешім қабылдағанда өңірдегі нақты жағдайды, жануарларға арналған панажайлардың қолжетімділігін және ветеринарлық қорытындыларды ескеруі тиіс.

Мәжіліс жануарды бұралқы деп тану талабымен ғана келіспеді. Бастапқыда чипі жоқ иттерді “бұралқы” деп санау ұсынылған. Сенат жануарды бұралқы деп тануда чиптің болуына емес, оның иесі бар-жоғына қарау керек деп есептейді.

Нәтижесінде ит пен мысықтың иесі есепке алу жүйесі мен чип арқылы анықталатын болды.

“Жануарларды есепке алу мен чиптеу меншік құқығын растаудың негізгі әрі тиімді тетігі болуы тиіс деп санаймыз. Қарапайым тілмен айтқанда: егер жануар тіркелмесе, оның иесін анықтау мүмкін емес. Ал иесі анықталмаса, жауапкершілік те болмайды”, – деді депутат Ерболат Сатыбалдин.

Сонымен қатар заңда “эвтаназия” сөзі “өлтіру” терминімен ауыстырылды. Себебі “эвтаназия” сөзі аудармада “игілікті өлім” деген мағынаны білдіреді.

Бұдан бөлек, әкімдіктердің міндеттері кеңейтілді. Енді жергілікті билік жануарларға арналған панажайларға, жоғалған жануарларды іздеуге, вакцинация жүргізуге және тұрғындарды ақпараттандыруға жауап береді.

Жануарларға қатыгездік үшін жаза күшейтіледі

Қазақстанда Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 407-1-бабы (Жануарларға қатыгездік көрсету) бойынша жазаны күшейту жоспарланып отыр. Бұл туралы бұған дейін вице-министр Нұркен Шәрбиев мәлімдеген еді.

Егер әрекетте қылмыстық құрам болмаса, айыппұл мөлшері айтарлықтай өседі:

  • жеке тұлғалар үшін 5 АЕК-тен 30 АЕК-ке дейін (21 625 теңгеден 129 750 теңгеге дейін);
  • лауазымды тұлғалар үшін 10 АЕК-тен 50 АЕК-ке дейін (43 250 теңгеден 216 250 теңгеге дейін).

Сонымен қатар жануарларды аулау, асырау және серуендету ережелерін бұзғаны үшін де айыппұлдар өседі:

  • жеке тұлғаларға – 10 АЕК-тен 15 АЕК-ке дейін (43 250 теңгеден 64 875 теңгеге дейін);
  • лауазымды тұлғаларға – 20 АЕК-тен 30 АЕК-ке дейін (86 500 теңгеден 129 750 теңгеге дейін);
  • заңды тұлғаларға – 30 АЕК-тен 40 АЕК-ке дейін (129 750 теңгеден 173 000 теңгеге дейін).

Сонымен қатар жануарды тастап кету немесе көшеге қуып жіберу үшін де жауапкершілік енгізіледі. Бұл жағдайда айыппұл көлемі:

  • жеке тұлғаларға – 30 АЕК (129 750 теңге);
  • лауазымды тұлғаларға – 50 АЕК (216 250 теңге);
  • заңды тұлғаларға – 100 АЕК (432 500 теңге).

Айта кетейік, бұған дейін Қазақстанда бұралқы иттер ұсталған соң бес күннен кейін эвтаназия жасау туралы заң ұсынылғанын хабарлаған едік. Заң бойынша, жануарларды баспанада ұстау мерзімі шектеледі: бұралқы жануарлар – 5 күнге дейін, ал үй жануарлары – 60 күнге дейін. Осы уақыт ішінде иесі табылмаса, эвтаназия жасауға рұқсат берілуі керек болған. Алайда қазақстандықтар бұл заңға қарсы шықты. Ал Сенат қаңғырған жануарлар туралы жаңа заңды мәжіліске қайтарды.

Нұрила Жұмаділлә
Сәрсенбі, 06 Мамыр, 2026 12:49