Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Еуропада 17 жыл бойы жасырынған "Кинг-Конг" лақап атымен танылған киллер Алматыда сотталды

қылмыскер
Фото: Бас прокуратура

Еуропада 17 жыл бойы жасырынған киллер Алматыда 15 жылға сотталды. Қылмыстық ортада “Детина” және “Кинг-Конг” лақап аттарымен танымал Юрий Юсупов 2008 жылдан бері іздеуде болған. Ол атышулы “Дед Хасан” лақап атымен белгілі ұрының айналасында жүрген. Юсупов Алматы орталығында болған атышулы кісі өлтіруден кейін іздестірілген. Оны өткен жылдың тамызында Литва шекарасынан өткен кезінде ұстаған. Кейін Қазақстанға экстрадицияланды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Бас прокуратура мәліметінше, қылмыс жасалғаннан 17 жыл өткен соң Алматыда атышулы кісі өлтіруге қатысы бар адамның соты аяқталды. Юсупов ұзақ жылдар бойы Қазақстаннан тыс жерде жеке деректерін өзгертіп, жасырынып келген. Сот оны 15 жылға бас бостандығынан айырды.

Атышулы қылмыстық іс бойынша мән-жайды Қазақстанның Бас прокуратурасы хабарлады.

Қылмыс 2008 жылы 19 мамырға қараған түні Алматының орталығында болған. Бас прокуратура жәбірленушінің аты-жөнін атамады. Десе де бұл сол кезде қылмыстық топпен байланысы бар деген күдікке ілінген ресейлік кәсіпкер Мұса Шатоевқа қатысты болуы мүмкін.

Сот мәліметінше, Юсупов пен оның сыбайласы Коваленко қылмыстық орта өкілімен жанжалдасқан. Олар жәбірленушіні Фурманов көшесіндегі (қазіргі Назарбаев даңғылы) үйдің маңында күтіп тұрған. Қылмыскерлер жәбірленушіге бірнеше рет оқ атқан. Желкесінен де оқ атылған. Ер адам алған жарақаттарынан оқиға орнында көз жұмған.

Кісі өлтіруден кейін Юсупов Қазақстаннан кетіп, оған халықаралық іздеу жарияланды.

Ал оның сыбайласы Коваленко қылмыстық әрекетін жалғастырған. 2008 жылдың жазында ол Қапшағайдағы “Старая крепость” демалыс аймағында болған қарулы оқиғадан кейін ұсталды. Сол кезде полиция қызметкері қаза тауып, тағы төрт адам ауыр жараланған. 2009 жылы Коваленко 23 жылға бас бостандығынан айырылды.

Ал Юсуповты іздеу жалғаса берді.

Қолда бар мәліметке сәйкес, қылмыстық ортада ол “Кинг-Конг” деген лақап атпен танылған. Оған қоса қырғызстандық белгілі қылмыскердің маңайында жүрген. Қырғызстан да оны 2007 жылы Бішкекте көлік жуу орнының иесін өлтіруге қатысы бар деген күдікпен іздеген. Юсупов ұзақ жылдар бойы Еуропа елдерінде жеке деректерін өзгертіп, жасырынған. 2025 жылдың тамызында оны Литва шекарасынан өту кезінде ұстады. Ал қараша айында Қазақстан Бас прокуратурасының сұрауы бойынша Литвадан Қазақстанға экстрадицияланды. Қазақстан Бас прокуратурасы 2025 жылғы қарашада Литвада Юсуповтың ұсталғаны туралы видео жариялады.

Биыл шілдеде Алматы қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты Юрий Юсуповты алдын ала сөз байласқан адамдар тобы жасаған кісі өлтіруге көмектескені үшін кінәлі деп таныды. Осылайша оған 15 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.

Бұған дейін Литвад аты-жөні Ю.Ю. болатын ер адамның ұсталғаны туралы жазған. Жеке дерегіне қарап, оның қырғызстандық қылмыстық авторитет Рыспек Акматбаевтың оққағары болуы мүмкін деген болжам айтылған.

Мәлімет бойынша, Юсупов екі жылдан кейін Бішкекте көлік жуу орнының иесін атып өлтіріп, оқиға орнынан қашып кеткен. Кейін оны Алматыдағы кісі өлтіруге де қатысы бар деп күдіктеніп, Қазақстанның құқық қорғау органдары іздеу жариялаған.

Қазақстандық құқық қорғау органдары сол кезде Мұса Шатоевты атып өлтірді деген күдіктілердің ұйымдасқан қылмыстық топпен байланысы бар екенін анықтаған. Сонымен қатар олардың ресейлік ұры Дед Хасанның (шын аты – Аслан Усоян) тапсырыстарын орындаған болуы мүмкін деген болжам айтылған.

Айта кетейік, бұған дейін Қаржы мониторингі агенттігі Интерпол қолдауымен бұған дейін халықаралық іздеу жарияланған Ұлан Байболовты Кореядан Қазақстанға қайтарғаны туралы жазған едік. 

Нұрила Жұмаділлә
Сенбі, 15 Тамыз, 2026 16:16