Еуропа чемпионатын төртінші рет ұтқан Испания құрамасының қанша қаржы тапқаны мәлім болды
2024 жылғы Еуропа чемпионатының жеңімпазы атанған Испания құрамасының төртжылдықтың басты доп додасында қанша қаржы тапқаны мәлім болды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі UEFA-ның ресми сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
Фото: UEFA
Испания құрамасы 2024 жылғы Еуропа чемпионатының финалында Англия құрамасынан 2:1 есебімен басым түсіп, төртінші рет Еуропаның үздігі атанып қана қоймай, қомақты қаржылай сыйақыны еншіледі. Испания құрамасы топтық кезеңдегі жеңісі үшін 1 миллион еуро иеленсе, 1/8 финалға шыққаны үшін 1,5 миллион еуро алды. Ал ширек финалға шыққаны үшін 2,5 миллион, жартылай финалға шыққаны үшін 4 миллион еуроға иеленді. Финалға шығып, жеңімпазы атанғаны үшін 13 миллион еуро алған. Сөйтіп, Испания құрамасы УЕФА-дан 28 миллион еуро көлемінде алып, қалтасын қалыңдатты. Ал финалда ұтылған Англия құрамасы 24 миллион еуро көлемінде алды. Сондай-ақ Еуропа чемпионатына қатысқан әр команда 9,25 миллион еуродан еншіледі.
Айта кетейік, Испания – Еуропа чемпионаты тарихында төрт рет жеңімпаз атанған жалғыз құрама. Испания бұған дейін 1964, 2008 және 2012 жылы Еуропа чемпионатының жеңімпазы атанған еді.