"Ескі Қазақстанның" ұрылары ел экономикасын қайтадан басып алмақшы": Депутат активтерді қайтару комитетіне есеп беруін талап етті
"Ескі Қазақстанның" клептократтары ел экономикасын қайтадан басып алуға қам жасап жатыр. Осылай деп мәлімдеген мәжіліс депутаты Ермұрат Бәпи мүдделі лауазымды азаматтарға ескерту жасайтынын айтты. Осы орайда депуттат активтерді қайтару жөніндегі комитеттің жұмысын сынға алды. Олардан есеп беруін де талап етті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: mazhilis_kz
Депутат президент жарлығымен құрылған активтерді қайтару жөніндегі комитетке кеше – 5 желтоқсанда екі ай болғанын айтты. Сол екі айдың ішінде бұл комитеттің іс-әрекеті жөнінде тырс еткен хабар жоқ екенін және комитеттің қызметінен қазақстандық қоғам мақұрым екенін жеткізді. Осы орайда депутат Бәпи активтерді қайтару жөнінде заң қабылдаған депутаттар Асылов пен Сүйіндіков мырзалардан бірнеше сұрақтың жауабын білгісі келетінін жеткізді.
“Ел президенті белгілеген тапсырмаларды орындау бағытында Комитет қандай күштік-структуралық құрылыммен жұмыс істеп жатыр? Бүгінде Комитеттің құрамында қанша қызметкер бар? Еске салайын, президент алғашында Комитеттің штаттық саны 130 адам деп белгілеген еді. Комитеттің шетелдік юридикциялармен, халықаралық іздестіру бюроларымен жұмыс істейтін бөлімінде қанша қызметкен жұмыс істейді? Осы өткен екі айдың ішінде елге қайтарылған активтер бар ма? Болса, оның көлемі қандай? Соңғы бір ашық ақпаратқа қарағанда, сіздер Жәмішевтің "Қазақстан халқына" қорына бұған дейін түскен 850 миллиард теңгені малданып отырған жайларыңыз бар сияқты. Сіздер қоғам алдында комитеттің құпия емес алғашқы іс-шараларын жария етіп, көпшілік алдында бір пресс-конференция беретін уақыт болған жоқ па?” – дейді Бәпи.
Депутат ұрланған активтердің елге қайтарылуын және қазынаға қанша қаржы түсетінін бақылап отырған қоғам барын айтты.
“Ұрланған активтер елге қайтады деген халықтың әзірге үзілмеген үміті мен сенімін күл-парша қылуға сіздердің қақыларыңыз жоқ. Біз де оған жол бермейміз! Президенттің пәрменін, қызмет-қарымы мен ел алдындағы қоғамдық беделін бағамдайтын бүгінгі бір өлшем – ұрланған активтерді елге қайтару екенін сіздерге ескертіп қойғым келеді. Ал енді Бас прокуратура мен оның Комитеті жым-жырт жатқан кезде, "ескі Қазақстанның" клептократтары ел экономикасын қайтадан басып алуға қам жасап жатыр. Осы орайда менің қолыма жеткен инсайдерлік ақпаратты депутаттар алдында жария етіп, "ескі Қазақстанға" қызмет қылмақ ойы бар мүдделі лауазымгер азаматтарға ескерту жасағым келеді”, - деді депутат.
Сондай-ақ Ермұрат Бәпи шетелде жасырылған 300 миллион доллардың ақысын сұрады.
“Ал Берік Ноғайұлы, Тимур Құлыбаевтың атжалмандары ұрлаған акивтер жөніндегі ақпаратты сіздің өзіңізге қосымша жолдап жіберемін. "СК Петролиум" серіктестігінен келіп түскен "Қазақстан – Қытай мұнай құбыры" консорциуымынан (директоры Талғат Жұмаділдаев пен оның ұлы Абылай Жұмаділдаевқа қатысты) ұрланып, шетелге тығылған 300 млн доллар активті іздеп қиналмайсыздар”, – деді депутат.