Қызғалдақ жұлған қазақстандықтарға 11 миллион теңге айыппұл төлету дұрыс па – Заңгер жауап берді
Кейбірі көктем келісімен қызғалдақ жұлып, бұл әрекеті үшін миллиондаған айыппұл төлеуге мәжбүр. Оқиға жылда қайталанады. Өсімдікті жұлғандар оның "Қызыл кітапқа" енгенін, ол үшін үлкен көлемде айыппұл салынатынын білмей қалып жатады. Ал тәртіп сақшылары гүлді жұлғандарды әлеуметтік желі арқылы оңай-ақ тауып алады. Ал заңгер Stan.kz ақпарат агенттігіне берген пікірінде қызғалдақты алғаш жұлған адамға ескерту берсе де жеткілікті дейді. Экобелсенді оның сөзін қолдап, қоғам болып табиғатта демалу әдебін үйренуіміз қажет екенін айтты.
Фото: unsplash.com
“Бірінші рет жасаған адамға ескерту берсе, жеткілікті”
Заңгер Ержан Болатбектің айтуынша, "Өсімдіктер мен жануарлардың сирек кездесетiн және құрып кету қаупi төнген түрлерiнiң тiзбесiн бекiту туралы" Қазақстан үкіметінің 2006 жылғы 31 қазандағы №1034 Қаулысымен "Қызыл кітапқа" енген өсімдіктер мен жануарлар тізімі бекітілген. Арасында қызғалдақтың және өзге де танымал өсімдіктердің түрлері бар.
Мысалы:
- Биберштейн қызғалдағы
- Борщов қызғалдағы
- Грейг қызғалдағы
- Қос гүлді қызғалдақ
- Зинаида қызғалдағы
- Кауфман қызғалдағы
- Колпаковский қызғалдағы
- Корольков қызғалдағы
- Қысқа аталықты қызғалдақ
- Леманн қызғалдағы
- Дара гүлдi қызғалдақ
- Островский қызғалдағы
- Кеш қызғалдақ
- Жатаған қызғалдақ
- Ала күлтелi қызғалдақ
- Регель қызғалдағы
- Шренк қызғалдағы
Осындай өсімдіктерді жұлған адам Қылмыстық кодекстің 339-бабымен көрсетілген қылмыстық құқықбұзушылық жасағаны үшін жауапкершілікке тартылады. Жауапкершілік келтірілген зиянға және қылмыстың іске асыру жолына байланысты 3000 АЕК-ге тең айыппұлдан бастап он екі жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады. Қазір бір айлық есептiк көрсеткiш – 3 692 теңге.
"Аса үлкен көлемде болмаса, жалпы өсімдік жұлғаны үшін көбіне айыппұл төленеді. Дегенмен осы салада ақпараттандыруды көбірек жүргізу керек. Сонымен қатар бірінші ретке, залал үлкен болмаған жағдайда ескерту немесе қоғамдық жұмыстарға жегумен ғана шектелу керек. Өйткені білместікпен осы қылмысты жасап жатқандар көп. Халықтың мұндай айыппұл төлеуге жағдайы да жоқ", – дейді заңгер Ержан Болатбек.
“Табиғатта өркениетті емес, жабайы адамға ұқсап жүреміз”
Ал экоблогер Базарбек Қамысбаевтың айтуынша, құзырлы органдар айыппұлды салмас бұрын қоғамды ақпараттандырып, ескерту жасауы керек. Ол айыппұлдың көлемі тым үлкен деп есептейді.
"Жаңалықтарға шығып жатқан қыздар айыппұлды шынымен төлейтін болса, әрине өкінішті. Жаным ашиды, себебі ойда жоқта білместікпен құрбан болып кетіп тұр. Бірінші рет бұзғаны үшін ескерту беру керек пе еді? Меніңше, айыппұл салғанға дейінгі ақпараттық жұмыстар дұрыс жүргізілмей жатыр. Мен интернеттен қандай өсімдікті жұлуға болмайтыны, жұлса, оған қандай айыппұл салынатыны туралы дәл фотосымен көрсетілген ақпарат таппадым. Полиция департаментінің өкілі "Әлеуметтік желідегі парақшаларымызға жарияладық" дейді. Бірақ қарапайым халық полиция департаментінің парақшасын іздеп, қарап жүрмейді ғой. Одан да экология министрлігінің немесе ең болмағанда әкімдіктердің сайтына ма жариялау керек шығар. Онда суреттерімен, түсінікті түрде көрсетілуі керек", – дейді ол.
Қызғалдақтың "Қызыл кітапқа" енген 18 түрі бар. Экобелсенді соның бәрін айыппұл көлемімен көрсетіп қойса, халық біліп жүрер еді дейді. Дегенмен адамдар табиғатта әдепті түрде демалуды үйреніп, соны нықтап қолға алу керек деп есептейді.
"Қызыл кітапқа енгені болсын, енбегені болсын, жалпы табиғатқа зиян тигізбеген жөн. Біз бір мезеттік сәт үшін, Instagram, TikTok үшін, көп лайк жинап, адамдардан мақтау пікірлер алу үшін табиғатқа зиян келтіріп жатқанымызды ойламаймыз. Біз табиғаттан эстетикалық ләззат алып үйренуіміз керек. Қоршаған ортаға мұқият қарап, табиғаттың көркіне сүйсініп, әдеппен демалуды үйренуіміз керек. Мысалы, біз Бурабайға барамыз, жабайы адамға ұқсап Жұмбақтастың төбесіне шығамыз. Ағашқа мата ораймыз, гүлді жұламыз, қоқысты көрінген жерге тастаймыз. Көкке тамақ жеу үшін шығып, сосын қоқысын лақтырып, қайта келеміз. Оның орнына жай ғана табиғатқа қарап, соған сүйсініп, демала алуымыз керек", – дейді Базарбек Қамысбаев.
Еске салайық, бұған дейін Түркістан облысында қызғалдақ жұлған студент қызға 11 миллион теңгеге дейін айыппұл салынбақ екені хабарланды. 22 жастағы қыз “Қызыл кітапқа” енген "Грейг" қызғалдағын жұлып, оның видеосын ТікТок парақшасында жариялаған. Артынша бұны тәртіп сақшылары байқап, іс материалдарын тиісті органға жолдаған.
Сонымен қатар әнші Ақбота Керімбекова жұлынған қызғалдақпен фотоға түсіп, бұл әрекеті үшін халықтан сөз естіді.