Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Түркістан облысында қызғалдақ жұлған студент қызға 11 миллион теңгеге дейін айыппұл салынбақ (видео)

Түркістан облысындағы Ордабасы ауданында студент қыз “Қызыл кітапқа” енген "Грейг" қызғалдағын жұлып, оның видеосын ТікТок парақшасында жариялаған. 22 жастағы бойжеткен енді жауапқа тартылады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Оtyrar.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.

Фото: Түркістан облыстық полиция департаменті

Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, тәртіп сақшылары әлеуметтік желілерді бақылау барысында жас қыздың “Қызыл кітапқа” енген және заңмен қорғалатын гүлдерді жұлып алған сәтінің видеосын анықтаған.

Тексеру кезінде оқиға Ұялыжар ауылдық округіндегі алқапта түсірілгені белгілі болды. Полиция бөлімінде сирек кездесетін және жойылып кету қаупі төнген өсімдік түрлерімен заңсыз айналысу фактісі тіркелді. Оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр.



Полицейлер іс материалдары тиісті органға жолданатынын айтты.

Айта кетейік, сирек кездесетін өсімдіктерді, соның ішінде "Грейг" қызғалдағын жұлғандар қылмыстық кодекстің 339-бабы 1-тармағы бойынша жауапқа тартылады. Аталған бап бойынша кінәлі деп танылған адамға 3 мың АЕК (11 млн 76 мың теңге) мөлшерінде айыппұл салу немесе 3 жылға бас бостандығын айыру/шектеу болмаса 800 сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тарту жазасы қарастырылған.

Еске салайық, Алматы полициясы жоқ қызғалдақ гүлдерін сатып ақша таппақ болған 35 жастағы азаматты ұстаған еді. Күдікті ғаламторға қызғалдақ гүлін нарық бағасынан төмен бағамен көтерме сату туралы хабарландыру жариялаған. Жарнамаға сеніп қалған азаматтар гүлге жаппай тапсырыс беріп, ақшаны "сатушының" шотына аударған.

Талқылау