Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Есігі де, терезесі де жоқ үйде тұрып жатырмыз": Арыс тұрғыны жанайқайын жеткізді

Жарылыстан соң жөндеуден өтіп жатқан есік пен терезесі жоқ пәтерде тұратын Арыс тұрғыны жанайқайын жеткізді, деп хабарлайды Stan.kz өңірдегі тілшіcі. 

коллаж

49 жастағы Жансұлу Шахаева алты баланың анасы. Жарылыс орын алған күні өзі Атырауда, балалары үйінде болған.   

Жойқын жарылыс орын алғанда аулада ойнап жүрген сегіз жастағы баласы қорқып қаша берген. Ал тәтті ұйқыда жатқан екі қызы үйден атып шығып, інілерін шарқ ұрып іздеген. Кейін табысып, елмен бірге қауіпсіз аймаққа қашқан. Үлкен ұлы бұл уақытта жұмыста болыпты. 

«Жанымды шүберекке түйіп, жолға шықтым. Қыздарым мен ұлдарым Шымкенттен табылды. Бірі - Қайтпастан, екіншісі - Шұбарсудан. Үлкен екі қызым тұрмыста ғой, олар ата-енелерін Шымкентке әкеп тастаған соң бауырларын келіп іздеген. Мен келіп, бала-шағамды жинап, Шымкенттегі №1 мектепті паналадық.

Арыстағы терезесі жоқ үй

28 маусым күні Арысқа оралдық. Бізді мұнда ешкім де күтіп алған жоқ. «Қайда барасың? Қайда қонасың?» дегендер де болмады. Көршілерімізбен үйдің ауласында отырдық кешке дейін. Ешкім келмеген соң тура соғыстан қалған кейіптегі үйге кіріп, сынған терезелер мен қоқыстарды тазалдық», - деді көпбалалы ана.  

Тұрғынның айтуынша, арада бірнеше күн өткен соң, жөндеу жұмыстарын жүргіземіз деп мамандар келіпті. Зақым келген есік-терезелерді алып, орнына жаңасын саламыз деп уәде берген. Бірақ ескілері алынғанымен, әлі жаңармады деп отыр тұрғын.

"Көршілерімнің кейбірі туыстары мен жақындарының үйін паналап жүр. Ал менің баратын жерім жоқ. Мен сияқты өзге де көршілерім бар. Жарылыстың болғанына екі аптадан асты. Есік-тереземіз жоқ. "Жалбыраған" пәтерде тұрып жатырмыз. Түнде қорқынышты, бала-шағаммен жалғыз өзім осы подъезде жаттым.

Арыстағы үй

Кейін құрылысты жүргізіп жатқандарға "Қорқамыз, осында қоныңдаршы" деп өтініш айттым. Осы жерде жүргенімізге қанша күн болды. "Сабыр қылыңдар, бәрін қатырамыз" дейді. Қайда қатыратындары? "Әкімшілікке бармаңдар, шағымдарыңды үй төрайымдарына айтыңдар" дейді. Қашанғы үндемей отыра береміз?" деген жалғызбасты әйел баласы бүгін лагерьден оралатынын да тілге тиек етті.

«Шатырды енді бастадық дейді. Жылағым келіп тұр қазір менің... Балам бүгін келеді лагерьден. Қайда жатқызамын оны? Айтыңызшы осыны. Бәрін қатырып жатырмыз дейтіндер айтты ма екен есік, терезесі жоқ үйде адамдар тұрып жатыр деп? Ызаланып отырмын мен», - деді Арыс тұрғыны.

Көбалалы ана өз мұңын тілшілерге айтып отырғаны сол еді әкімшіліктің адамдары да келіп жетті. Олар алғашында тұрғынға есік пен терезелерді жұма күні орнатамыз деп еді, кейінірек ол жұмыстарды бейсенбі аяқтаймыз деп уәде етті.

Арыстағы үй

Арыстық тұрғын тұратын көпқабатты тұрғын үй аумағына үш снаряд түскен. Оның бірі ауладан, қалған екеуі подъезд бен пәтерлердің бірінен табылған.

Айта кетейік, үкімет басшысы Асқар Мамин Арыс қаласына жұмыс сапарымен барып, мұңын айтқан жалғызбасты ана тұратын «Көктем» шағынауданында да болды.  

Естеріңізге сала кетсек, дүйсенбі, 24 маусым күні, Түркістан облысы, Арыс қаласында ірі жарылыс болды. Әскери бөлімшенің оқ-дәрі қоймасынан шыққан жарылыстың себеп-салдары әзірге нақтыланбады. Министр бұл бойынша тиісті тергеу жұмыстары жүріп жатқанын жеткізді. Кінәлілер анықталса, оларға берілетін жаза – өте қатаң болатынын айтты.

Талқылау