"Ес білгелі ақша жинап жатырмыз": Еркебұлан Дайыров еліміздегі тосын оқиғаларға билікті кінәлады
Отандық киножұлдыз, актер Еркебұлан Дайыров елімізде болып жатқан келеңсіз оқиғаларға билік өкілдерін айыптады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: https://www.instagram.com/yerkebulan_daiyrov/
Актердың айтуынша, халық өз мәселесін өзі шешіп, билікке арқа сүйемейтін көрінеді.
“Ес білгелі ақша жинап келе жатырмыз. Бұрын мектепте, сыныптың жөндеу жұмыстарына болса, кейін ауылға спорт кешенін салуға, одан қалса ауылдан шыққан ардақты ақындармен, батырлардың тойына жинайтынбыз. Міне, Аллаға шүкір, ауыл-аймақтан көтеріліп, мемлекеттік деңгейдегі іс-шараларға, яғни табиғи апаттармен т.б толып жатқан жағдаяттарға ат салысатын болдық. Кейде маған біздің халық, апанында жатып алып, өз жарасын өзі жалап жазатын, арып-ашыған көкбөріні елестетеді. Қасиетіңнен, кең жүрегіңнен айналайын, қайран халқым, қадіріңе жете алмай жатыр-ау…
Ал үкімет ше? Күлтөбенің басында күнде жиын, нәтиже жоқ. Заңның түрі анау, мәдениет онсыз да түсінікті. Амалсыз өткендегі мақал қайта оралды ойыма. “Иттің иесі болса, бөрінің тәңірісі бар” деген сөз бар. Бәрі бір Аллаға аманат! Бұл запыраныма да уақыт бөліп оқындарыңызға рақмет!
Батысты су шайып біткенше, Бишімбаевтың онлайын сотын тамашалайық ағайын!”, – деп жазды актер.
Желі қолданушылары актердың ойын бірауыздан қолдап, халықтыі амандығын тілеп, түрлі пікір жазып жатыр.
“Әнші, блогерлер дүрлігіп ақша жинауға шақыруды доғарсын! Бөлінетін ақшаны күтіп, талап ету керек”, “Өз қотырымызды өзіміз қасып жатырмыз”, “Су басқан уақытта, соттың да басталғанын қарашы”, “Халық билікке сенбейтін болды”, – деп жазды оқырман қауым.
Айта кетейік, отандық шоу-бизнес өкілдері еліміздегі табиғи апаттарға қатысты пікір білдірді.
Одан кейін, су тасқыны ағызып әкеткен екі адамның туысы он сағат көмек күткендерін жазған едік.