Ербол Қарашөкеев ауыл шаруашылығы министрі болып тағайындалды
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бұйрығымен Ербол Қарашөкеев ауыл шаруашылығы министрі болып тағайындалды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.

“Ербол Шырақпайұлы Қарашөкеев Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрі лауазымына тағайындалсын”, – делінген бұйрықта.
Ербол Қарашөкеев 1976 жылы Алматы облысында дүниеге келген. Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетін, Қазіргі заманғы гуманитарлық институтты тәмамдаған. Мамандығы бойынша біліктілігі — экономист, бакалавр академиялық дәрежесімен менеджмент саласындағы маман, экономика магистрі, заңтану бакалавры.
Еңбек жолын 1998 жылы Статистика агенттігі талдау және конъюнктуралық зерттеулер басқармасының бас маманы болып бастаған.
- 1999-2001 жылдары — ҚР Президенті Әкімшілігінің Әлеуметтік-экономикалық талдау бөлімінің консультанты.
- 2001 жылдан бастап 2003 жылға дейін коммерциялық ұйымдарда басшылық лауазымдарда жұмыс істеген.
- 2003-2006 жылдары – "Экспорттық кредиттер мен инвестицияларды сақтандыру жөніндегі мемлекеттік сақтандыру корпорациясы" АҚ Қаржы департаментінің директорының м.а., директоры – басқарма мүшесі.
- 2006-2007 жылдары ҚР Қаржы министрлігінің жиынтық-талдау департаментінде жұмыс істеді. 2007 жылғы қаңтар-шілде аралығында "ҚазАгро" ұлттық басқарушы холдингі" АҚ басқарушы директоры болып жұмыс істеді.
- 2007-2009 жылдары — "Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры" АҚ басқарма төрағасы, Директорлар кеңесінің мүшесі.
- 2010-2012 жылдары — Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің "Қаржылық бұзушылықтарды зерттеу орталығы" РМК директоры.
- 2012-2013 жылдары — "ҚБТУ мұнай-газ инжинирингі және ақпараттық технологиялар институты" ЖШС бас директоры. 2013-2016 жылдары — "Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі" АҚ басқарма төрағасының орынбасары.
- 2016-2019 жылдары — ҚР Президенті Әкімшілігінің Әлеуметтік-экономикалық мониторинг бөлімі меңгерушісінің орынбасары.
- 2019 жылғы қаңтар-сәуір аралығында — ҚР Қаржы министрлігі Қазынашылық комитетінің төрағасы.
- 2019 жылғы сәуірден 2021 жылғы наурызға дейін — "ҚазАгро" холдингі" АҚ басқарма төрағасы.
- 2021 жылғы сәуір-шілде аралығында – ҚР Қаржы вице-министрі.
- 2021 жылғы шілде айынан бастап – ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі.
Еске салсақ, бұған дейін мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаровты сынға алған еді. Президент сынынан кейін ол министр лауазымынан айырылды. Оның орнына Ербол Қарашөкеев министр міндетін атқарушы болып тағайындалды.
 
Үй алудың жаңа мүмкіндіктері: Алдағы уақытта қандай тұрғын үй бағдарламалары іске қосылады
