Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ер адам 36 жылдан кейін перзентханада басқа баламен ауысып кеткенін білді

бала салғырттық ауысып кетті
Фото: magnific.com

АҚШ-та екі отбасы Графтондағы Unity ауруханасын сотқа берді. Олардың айтуынша, 36 жыл бұрын ауруханада мейіргер жаңа туған сәбилерді шатастырып алған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі KKTV басылымына сілтеме жасап хабарлайды. 

2024 жылы Колорадо штатының тұрғыны, 36 жастағы Джереми Моррисон генетикалық тест тапсырып, өзінің биологиялық ата-анасының мүлдем басқа адамдар екенін білген.

“Бала кезімнен өзімді отбасында өзгеше сезінетінмін. Мен қара шашты туыстарымның арасында ерекшеленіп тұратын ақшыл шашты бала болдым", – дейді ол.

Алайда Моррисонның сәби кезінде медицина қызметкерлерінің салғырттығынан осындай жағдайға тап болғаны үш ұйықтаса түсіне кірмепті.

ДНҚ тестінің көмегімен Моррисонның әпкесі Кайл Байлин есімді адамды тапқан. Ол да дәл сол күні, сол ауруханада, бірнеше сағат айырмашылықпен дүниеге келген.

Осы жағдайды анықтағаннан кейін екі отбасы Unity ауруханасын жаңа туған сәбилерді ауыстырып жіберді деп айыптады.

Алайда аурухана басшылығы өз кінәсін жоққа шығарып отыр. Олардың айтуынша, сол кезде жұмыс істеген қызметкерлердің барлығы жұмыстан кеткен, ал қажетті құжаттар сақталмаған.

"Unity Medical Center ауруханасының жауапкершілігіне қатысты ешқандай дәлел таппадық", – делінген медициналық мекеменің мәлімдемесінде.

Ата-аналар өздерінің биологиялық ұлдарымен кездесіп үлгерген. Ал Моррисон мен Байлин әзірге бір-бірімен кездескен жоқ.

Айым Болатқызы
Жексенбі, 09 Тамыз, 2026 19:12