Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Енді қазақстандықтарға ұшаққа домбырамен кіруге рұқсат берілмек

домбырамен ұшаққа кіруге рұқсат
Фото: жасанды интеллект көмегімен дайындалған

Көлік министрлігі ұшаққа домбырамен кіруге рұқсат беру мәселесі қаралған заң жобасын әзірледі. Ол күшіне енсе, жолаушылар музыкалық аспабын қол жүгі ретінде тіркеп, өзімен бірге бортқа алып кіре алады. Алайда домбыра, не скрипка мен гитара болсын қатты қапқа салынуы тиіс. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 31-арнаның “Информбюро” бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды. 

Одан бөлек, аспаптың ұзындығы – 110, ені – 35 , тереңдігі – 30 сантиметрден, ал салмағы 10 келіден аспауы шарт. Министрлік өкілінің айтуынша, бұл қазақтың қара домбырасының стандартқа сай өлшемі.

Әуе тасымалы тәртібіне ұсынылған өзгертулерде сонымен қатар ұшаққа жануармен кіру ережесі де нақтыланды. Енді ит-мысығымен ұшқысы келетіндер компанияға 5 күн бұрын өзімен бірге төрт аяқты досы болатынын ескертуі тиіс. Жануарға аллергиясы бар жолаушылар да алдын ала айтуы қажет.

“Бұған дейін қол жүгіне жолаушының өзі ғана жауапты болса бұдан былай әуе компаниясы да жауап береді. Егер қол жүгіне ұшақ қызметкері зиян келтірсе, азаматтар шығынын талап ете алады”, – деді көлік министрлігі авиация комитеті басқармасының бас сарапшысы Әсел Маратова. 

Тағы бір айта кететін маңызды өзгерістің бірі – енді барлық әуе компания мүгедектігі бар, мүмкіндігі шектеулі жандарға 50 пайыз жеңілдік жасауға міндеттелуі мүмкін. Сонымен қатар жолаушы ауырып немесе қызмет көрсетушілердің кесірінен сапарға шықпайтын болса билетінің ақшасы толық қайтарылуы керек. Жалпы министрлік әзірлеген өзгертулер мен толықтырулар жолаушылардың құқығын арттырып, әуе компанияларының жауапкершілігін күшейтуге бағытталып отыр. Тиісті бұйрық осы айдың 27-не дейін қоғамдық талқылауға шығарылды. 

Айта кетері, Қазақстанда енді музыкалық аспаптарды қол жүгі ретінде ұшақ салонына тегін алып кіру мәселесі бұған дейін де айтылған. Алайда министрлік заңдағы өзгерістер мамырдың соңына дейін күшіне енетінін мәлімдеген. 

Назархан Уән
Сейсенбі, 14 Шілде, 2026 21:45