Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Енді қарызға той, туған күн жасамайды": Несие беру талаптарының қатаңдауы қазақстандықтарға қалай әсер етеді

 
несие алу қиындады
Фото: Жасанды интеллект көмегімен

1 шілдеден бастап Қазақстанда несие беру талаптары қатаңдады. Енді банктер азаматтардың табысын мұқият тексеріп, төлем қабілеті төмен адамдарға несие беруді шектемек. Жаңа өзгеріс халықтың қарызға батуының алдын алуға бағытталғанымен, оның қарапайым қазақстандықтарға әсері қандай болмақ? Stan.kz тілшісі өзгерістің тек халыққа емес, кәсіпкерлер мен банктердің несие саясатына және жалпы экономикадағы тұтынушылық сұранысқа қалай әсер ететінін маманнан сұрап көрді.

Жаңа талап: Несие алу енді қалай өзгереді?

Ұлттық банктің мәліметінше, бұл шараларды халықтың шамадан тыс қарыздануын азайту үшін енгізіп отыр. Себебі соңғы жылдары Қазақстанда тұтынушылық несие қарқынды өсіп, банктер алдындағы жалпы қарыз көлемі 24 триллион теңгеге жеткен. Оның шамамен 70%-ы тұтынушылық несиелер. Алдыңғы жылдары несиелеу тым жылдам өскен. Мұндай қарқынды өсім тәуекелдерді арттырады, өйткені халық табысы төмендеген жағдайда проблемалық несиелердің үлесі көбейеді.

Енді несие беру кезінде негізгі талаптар:

  • Табыс міндетті түрде ресми расталуы керек;

(Бейресми кіріске сүйенген азаматтарға несие алу қиындайды)

  • Борыштық жүктеме коэффициенті 50%-дан аспауға тиіс;

(Яғни адамның ай сайынғы табысының жартысынан көбі несие төлеміне кетсе, жаңа қарыз берілмейді)

  • Қарыз тарихы күшейтілген бақылауға алынады;

(Соңғы 30–90 күн аралығында несие төлемін кешіктірген азаматтарға жаңа несие беру шектелуі мүмкін)

  • Барлық қарыз түрі есепке алынады;

(Бұған банктік несие ғана емес, микроқарыздар мен бөліп төлеу (BNPL) сервистері де кіреді)

  • Бөліп төлеу енді “жасырын несие” емес;

(Бұрын жай төлем тәсілі сияқты көрінетін бөліп төлеу енді толыққанды қарыз ретінде есептеліп, азаматтың несие алу мүмкіндігіне әсер етеді)

“Енді несиеге той, туған күн жасалмайды: Басты қауіп – ломбард пен пайыздық қарыз”

Экономист Айбар Олжаев қарызын өтей алмайтын азаматтар көбейсе, бұл әлеуметтік мәселелерге ұласатынын алға тартты. Айтуынша, халықта қарыз көбейсе мемлекеттен несиеге қатысты жеңілдіктер талап ету жағдайлары да артады.

“Жаңа талап ең алдымен халықтың артық шығындарын азайтуға әсер етеді. Әсіресе өмірге аса керек емес заттарды тұтынуды тежейді. Адамдар несиеге аса қажет емес заттарды сатып алу, той жасау немесе бір сәтте өтіп кететін қымбат мерекелер, туған күн ұйымдастыру сияқты шығындарды қысқартады. Бұл өз кезегінде тұтынуды тежеп, инфляцияны төмендетуге ықпал етеді әрі халықтың қарызға батуын азайтады. Бірақ халықтың басқа қаржы көздерін бәрібір жалғасады. Ал несие алу қиындаған сайын кейбір азаматтар басқа қаржы көздерін іздеуі мүмкін. Мұндай жағдайда ломбардтарға сұраныс артып, бейресми қарыз беру нарығының кеңею қаупі де жоқ емес. Тіпті пайызбен қарыз беруді ұйымдастыратын жекей азаматтар көбейеді”, – деді ол.

Маманның айтуынша, үкіметтің бөліп төлеу қызметтеріне бақылауды күшейтуі де халықтың қарыз жүктемесін азайтуға бағытталған. Дегенмен мұның әсері кәсіпкерлерге тимек.

“Несие беру қарқынының төмендеуі тұтынушылық сұранысқа да әсер етеді. Соның салдарынан шетелден тауар әкеліп сататын кәсіпкерлердің, әсіресе импортқа тәуелді шағын және орта бизнестің сатылымы мен табысы азаюы мүмкін. Алайда мұның оң жағы да бар. Тұтынудың төмендеуі дайын импорттық тауарлардың, соның ішінде электрониканың да аз әкелінуіне ықпал етеді. Бұл өз кезегінде еліміздің төлем балансына оң әсер етуі мүмкін. Өйткені соңғы жылдары импорт көлемі айтарлықтай өскен”, – деп қосты ол.

 ”Жаңа талап банктер үшін тиімді емес”

Айбар Олжаев бұл жаңа талаптар банктердің несие саясатын түбегейлі өзгертпейтінін алға тартты. Өйткені олар заңнама аясында жұмыс істейді.

“Дегенмен бұл өзгерістер банктердің несие портфелінің сапасына оң әсер етуі мүмкін. Жаңа кепілсіз несиелер азайған сайын бұрын берілген несиелер біртіндеп өтеледі. Соның нәтижесінде 90 күннен астам уақыт қайтарылмаған проблемалық несиелердің (NPL 90+) үлесі де төмендеуі ықтимал. Алайда бұл өзгерістің нақты нәтижесі бірден байқалмайды. Оның әсері шамамен алты айдан кейін көріне бастайды және жыл соңына қарай мәселелі несиелердің үлесі біртіндеп азаюы керек”, – деп қосты сарапшы.

Маман дегенмен банктердің біраз кірістен айырылатынын мәлімдеді.

“Өйткені несие беру көлемі азайған сайын олардың негізгі табыс көзі саналатын пайыздық кіріс те қысқарады. Соңғы жылдары банктердің жоғары табысының басым бөлігі халыққа берілген кепілсіз тұтынушылық несиелерден түскен. Мұндай несиелерді рәсімдеу оңай әрі пайыздық мөлшерлемесі жоғары болғандықтан, банктерге айтарлықтай пайда әкелді. Алайда жаңа шектеулерден кейін бұл кіріс көлемі төмендеп, 2026 жылы банктердің табысы өткен жылдармен салыстырғанда азаюы мүмкін. Ал жалпы экономика үшін несие талабын қатаңдатудың ұзақ мерзімді әсері оң болуы ықтимал. Несие алу қиындаған сайын халықтың қымбат тауарлар мен қызметтерге жұмсайтын шығыны азаюы мүмкін. Егер соның нәтижесінде тұтынушылық сұраныс төмендеп, инфляция бәсеңдесе, бұл ұзақ мерзімде экономиканың тұрақтануына және бағаның өсу қарқынын тежеуге оң әсер етеді”, – деп қорытты ол.

Гүлсезім Мұхатай
Бейсенбі, 02 Шілде, 2026 09:30