Бірнеше несиесі бар қазақстандықтарға қарызын өтеудің жаңа тәсілі ұсынылды

Қазақстанда тұтынушылық кепілсіз кредиттер бойынша берешекті реттеуге арналған Finkelisim.kz бірыңғай цифрлық платформасы іске қосылды. Жаңа сервисті Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Бірінші кредиттік бюромен бірлесіп әзірлеген. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Платформа 2026 жылғы 1 шілдеден бастап жұмыс істей бастайды. Ол банк және микроқаржы омбудсмандарының қатысуымен, медиация тәртібі арқылы “бір терезе” қағидаты бойынша қызмет көрсетеді.
Платформа кімдерге арналған?
Finkelisim.kz бір уақытта бірнеше кредитордың – банк, микроқаржы ұйымы немесе коллекторлық агенттіктің алдында қарызы бар азаматтарға арналған. Яғни мүлік кепілімен қамтамасыз етілмеген тұтынушылық кредиттері бойынша мерзімі өткен берешегі бар адамдар осы сервис арқылы өтініш бере алады.
Бұған дейін қарыз алушы әр кредиторға жеке-жеке жүгінуге мәжбүр болса, енді бір ғана өтініш арқылы барлық кредитор алдындағы берешекті реттеу мүмкіндігі қарастырылады.
Қарыз алушы үшін ұжымдық реттеу рәсіміне қатысу тегін. Тек медиатор қызметі бөлек есептеледі. Алайда 2027 жылғы 1 қаңтарға дейін медиаторға төленетін шығынды банк және микроқаржы омбудсмандары өтейді.
Платформа қарыз алушының барлық кредитор алдындағы берешегі туралы деректерді автоматты түрде жинап, өтінішті қарауға қажетті мәліметтерді қалыптастырады.
Өтініш қаралғаннан кейін қарыз алушыға берешекті өтеудің бірыңғай кестесі ұсынылуы мүмкін. Жалпы азаматтар үшін төлем мерзімі 5 жылға дейін, ал әлеуметтік осал топтарға жататындар мен атаулы әлеуметтік көмек алушылар үшін 7 жылға дейін ұзартылуы мүмкін.
ОқыңызКімдер өтініш бере алады?
Платформа арқылы өтініш беру үшін қарыз алушы бірнеше талапқа сай болуы керек.
Азаматтың екі немесе одан да көп кредитор алдында 90 күннен асқан мерзімі өткен берешегі болуы қажет. Сонымен қатар кредиттер бойынша жалпы қарыз көлемі 150 АЕК пен 1600 АЕК аралығында болуы тиіс. 2026 жылғы есеппен бұл шамамен **648 750 теңгеден 6 920 000 теңгеге дейінгі** сома.
Тағы бір маңызды шарт – берешек бойынша сот актілері, нотариустың атқарушылық жазбалары немесе мәжбүрлеп өндіріп алу шаралары болмауы керек.
Қандай қарыздар бұл рәсімге кірмейді?
Ұжымдық реттеу рәсіміне ипотекалық қарыздар, автокредиттер, кәсіпкерлік мақсатта алынған банк қарыздары мен микрокредиттер кірмейді.
Сондай-ақ алаяқтық жолмен рәсімделген кредиттер, әскери қызмет өткеріп жүрген азаматтарға төлемді кейінге қалдыру берілген қарыздар, медиация келісімі бұрыннан бар кредиттер және банкроттық рәсіміне енгізілген берешектер бұл платформа арқылы реттелмейді.
Өтініш қалай қаралады?
Алдымен қарыз алушы платформада тіркеліп, жеке басын растауы керек. Ол үшін биометриялық сәйкестендіруден өтеді. Бұл бөгде адамның басқа біреудің атынан өтініш беруіне жол бермеу үшін қажет.
Содан кейін азамат берешекті реттеу туралы өтініш береді. Платформа кредиттік бюро деректері арқылы қарыз алушының талаптарға сай келетін-келмейтінін автоматты түрде тексереді.
Егер азамат белгіленген шарттарға сәйкес келсе, жүйе реттеу рәсіміне енгізілуі мүмкін кредиттердің тізімін жасап, оны кредиторларға жолдайды. Кредиторлар қарыз туралы мәліметтерді тексеріп, берешек сомасын растайды.
Осыдан кейін қарыз алушыға платформа арқылы бірнеше құжат жіберіледі. Олардың қатарында омбудсман шешімі бар хаттама, берешекті өтеудің бірыңғай кестесі, медиатормен шарт және әр кредитормен жасалатын медиативтік келісімдер бар.
Қарыз алушы бұл құжаттармен танысып, 72 сағат ішінде қол қоюы керек. Егер осы уақыт ішінде қол қойылмаса, бұл реттеу рәсіміне қатысудан бас тарту деп есептеледі. Құжаттарға қол қойылғаннан кейін кредиторлар реттеу рәсіміне енгізілген қарыздар бойынша берешекті өндіріп алуды уақытша тоқтатады.
Бұдан әрі азамат бірыңғай кесте бойынша төлем жасайды. Ал платформа түскен ақшаны берешек көлеміне қарай кредиторлар арасында бөліп отырады.
Егер қарыз алушы келісім шарттарын орындамаса және төлем 40 күннен артық кешіктірілсе, кредитор заң аясында берешекті қайта өндіріп алуға құқылы. Мұндай жағдайда азамат бұл ұжымдық реттеу рәсіміне қайта қатыса алмайды.
Төлем кестесі қалай жасалады?
Берешекті өтеудің бірыңғай кестесі қарыздың жалпы сомасына қарай қалыптастырылады.
Жалпы шарт бойынша, егер қарыз көлемі 1 миллион теңгеге дейін болса, ай сайынғы ең жоғары төлем 12 айға есептеліп, шамамен 84 мың теңгені құрайды.
Ал қарыз көлемі 5-7 миллион теңге аралығында болса, төлем мерзімі 60 айға дейін ұзартылып, ай сайынғы ең жоғары төлем шамамен 117 мың теңге болады.
Әлеуметтік осал топтарға жататын азаматтар мен атаулы әлеуметтік көмек алушылар үшін жеңілдетілген шарттар қарастырылған. Егер олардың қарызы 1 миллион теңгеге дейін болса, ай сайынғы ең жоғары төлем 18 айға есептеліп, шамамен 56 мың теңге болады.
Ал 5-7 миллион теңге аралығындағы қарыз бойынша төлем мерзімі 84 айға дейін ұзартылып, ай сайынғы ең жоғары төлем шамамен 84 мың теңгені құрайды.
Қарызын өтеуге мүлде мүмкіндігі жоқ азаматтар заңда көрсетілген талаптарға сай келген жағдайда соттан тыс банкроттық рәсіміне өтініш бере алады.
Қазақстандықтарды қарапайым су есептегіштерден әлдеқайда қымбат "ақылды" су есептегіштерді орнатуға міндеттеді