Енді елімізде "Яндекс" такси жүргізушілері мен курьерлері заңсыз жұмыс істей алмайды
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова үкімет отырысында енді “Яндекс” такси жүргізушілері мен курьерлері заңды түрде жұмыс істеп, салық төлейтінін мәлімдеді. Айтуынша, бұл жүйе жақында өзге де цифрлық платформаларға таралады деп күтілуде. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Cурет pexels-тен
Министрдің айтуынша, “Яндекс” компаниясымен пилоттық жоба жүргізілген және компания салық агенті болып тағайындалған.
“4 пайыздық салық белгіленді. Өйткені қазіргі уақытта бұл платформада жұмыс істейтін азаматтардың табысының 4 пайызы ұсталып қойған. Сондықтан біз бұл соманы қалдырдық", – деді Жақыпова.
Министрдің айтуынша, салық сомасын бекіткен кезде цифрлық платформаларда жұмыс істейтіндердің басым бөлігі фрилансерлер екені ескеріледі.
“Қазіргі уақытта қолданыстағы заңнамаға сәйкес мұндай жұмысшылар кәсіпкер ретінде тіркелуі тиіс. Дегенмен платформа арқылы жұмыс істейтін адамдардың басқа жұмыс орындары да бар. Сондықтан пилоттық жоба үшін басқа салық режимін бекіту керек", – деп түйіндеді Жақыпова.
Осылайша үкімет биылғы жылдың соңына дейін бір миллионға дейін азаматты жұмыспен қамту статистикасына енгіземіз деп уәде беріп отыр.