Энди Бернем Ұлыбританияның жаңа премьер-министрі атанады: Ол туралы не белгілі?

Ұлыбританияда премьер-министр ауысады. Лейбористер партиясының жаңа көшбасшысы Энди Бернем Кир Стармердің орнына үкіметті басқаруға дайындалып жатыр. Жұма күні ол партия жетекшісі болып баламасыз сайланды. Бұл қызметке өзге үміткерлер тіркелмеген. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі BBC.com порталына сілтеме жасап хабарлайды.
Билік тапсыру рәсімі 20 шілде, дүйсенбі күні өтеді. Кир Стармер король III Карлмен кездесіп, ресми түрде отставкаға кету туралы өтініш береді. Одан кейін монарх Энди Бернемді қабылдап, жаңа үкіметті жасақтауды тапсырады. Осыдан соң Бернем Букингем сарайынан Даунинг-стриттегі премьер-министр резиденциясына барып, жаңа қызметіндегі алғашқы сөзін сөйлейді.
Осылайша, Ұлыбритания соңғы он жыл ішінде жетінші премьер-министрін қарсы алмақ. 56 жастағы Энди Бернем Ливерпульде дүниеге келген. Кембридж университетін тәмамдаған ол саясатпен 20 жылдан астам уақыт айналысып келеді. Бұған дейін парламент депутаты болды, Гордон Браун үкіметінде қызмет атқарды және денсаулық сақтау министрі лауазымын иеленді.
Оқыңыз2017 жылдан бері Бернем Манчестер қаласының мэрі болды. Оның басқару кезеңінде қала экономикасы едәуір нығайып, қоғамдық көлік жүйесі Ұлыбританиядағы өзге өңірлерге үлгі ретінде көрсетіле бастады. Енді саясаткер осы тәжірибені ел көлемінде қолдануға ниетті.
Бернемнің бағдарламасы әзірге нақты емес. Ол қосылған құн салығын (ҚҚС) және Ұлттық денсаулық сақтау қызметін қаржыландыруға арналған міндетті жарналарды көтермейтінін мәлімдеді. Сонымен бірге ауқатты азаматтарға арналған жаңа салық енгізу мүмкіндігін жоққа шығармайды.
Бернемнің басты бастамаларының бірі – өңірлердің өкілеттігін кеңейту. Оның пікірінше, жергілікті билік көлік, тұрғын үй құрылысы және қалаларды дамыту мәселелерін орталық үкіметтен тиімдірек шеше алады. Сондай-ақ ол бірқатар мемлекеттік мекемені Лондоннан Манчестерге көшіруді ұсынды.
Алайда сарапшылар Манчестердегі табысты тәжірибені бүкіл елге енгізу оңай болмайтынын айтады. Жаңа премьерге мемлекеттік қарыздың өсуі, әлеуметтік шығындардың артуы, жастар арасындағы жұмыссыздық және қорғаныс бюджетін ұлғайту секілді күрделі мәселелерді салықты көтермей әрі жаңа қарыз алмай шешуге тура келеді. Болашақ үкіметтің құрамы әзірге жарияланған жоқ.
Еске салайық, 22 маусымда Кир Стармер қызметінен кететінін жариялап, билік ресми түрде тапсырылғанға дейін премьер-министр қызметін жалғастыратынын айтқан болатын. Сол кезде-ақ оның орнына негізгі үміткер ретінде Манчестердің бұрынғы мэрі Энди Бернем аталған еді.
Бұған дейін АҚШ президенті Дональд Трамп та Кир Стармердің отставкасы туралы пікір білдіріп, британ премьері иммиграция мен энергетика мәселелерінде "сәтсіздікке ұшырады" деп айтқан еді.
Алматы облысында әйел көлікпен үйдің ауласына кіріп кеткен: Жарақат алған тұрғын бір аяғынан айырылды