Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Еліміздің барлық қаласында жасанды интеллект арқылы бақылайтын жаңа бейнекамералар орнатылмақ

Елімізде жол ережелерін жасанды интеллект арқылы бақылайтын жаңа бейнекамералар орнатылып жатыр. Заманауи құрылғы жолдағы тәртіп бұзушылықтың 25 түрін дәлдікпен таспалап, оны құзырлы органдарға жолдап отырады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 31-арнаның Информбюро жаңалықтар бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды. 

Пилоттық жоба ретінде мұндай камералар әзірге тек Алматы облысына қойылды. Бір аптаның ішінде құрылғы ереже бұзған 20 мың жүргізушіні анықтапты.

"Сұңқар" камералары бірнеше қызметті атқара алады. Жол қозғалысындағы заңбұзушылықты түсіріп, жасанды интеллект арқылы оған талдау жасайды. Яғни полиция тек жүргізушіге айыппұл салумен айналысады. Оның үстіне бейнекамера күндіз де, түнде де анық түсіреді.

“Жол қозғалысы ережелерін бұзғандарды тіркеу үшін жаңа Сұңқар ақпараттық бағдарламалар кешені қолданыла бастады. Аталған жоғары технологиялық камералар дәлдігі мен сурет сапасымен ерекшеленеді. Ол көптеген құқықбұзушылықтарды түсіруге мүмкіндік береді”, – деді Алматы облысы полиция департаментінің бөлім басшысы Берік Дәкеев.

Бейнекамералар жылдамдықты арттыру, қауіпсіздік белдігін тақпау, ұялы телефон қолдану және тұтас сызықты кесіп өту сияқты заңбұзушылықтың 25 түрін анықтай алады. Полицейлер жаңа құрылғы арқылы жол апаттарының алдын алатынына сенімді. Көлік жүргізушілерінің кейбірі мұнымен келіссе, ал кей азаматтар одан гөрі жолдардың сапасын жақсартқан дұрыс деген пікірде.

Көлік иелері кей жағдайда жолдың сапасыздығынан немесе басқа жағдайларға байланысты ережені бұзуға тура келетін сәттер болады дейді. Ал бейнекамерадағы жасанды интеллект мұндайда жүргізушіге кешіріммен қарай ма, жоқ па, ол жағы әзірге белгісіз.

Алматы облысындағы бір ғана тас жолдың бойына қойылған құрылғы 7 күнде 20 мың заңбұзушылықты анықтаған. Ішкі Істер министрлігі жаңа технологияны апат жиі болатын өзге өңірлерге де орнатуды көздеп отыр.

Талқылау