Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Елімізде энергетика және коммуналдық саланы жақсарту үшін 1 триллион теңгеден астам қаржы бөлінбек

орталық
Фото: freepik.com

Қазақстан энергетикалық және коммуналдық инфрақұрылымды жаңғыртуға 1 триллион теңгеден астам қаржы бөлуді жоспарлап отыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Мұны үкімет отырысында Энергетика вице-министрі Сұңғат Есімханов мәлімдеді. Оның айтуынша, 2026 жылға 9 энергия блогын, 55 қазандықты және 51 турбинаны күрделі жөндеу жоспарланған. Қазір 29 генерация нысанында жұмыс жүріп жатыр.

“Электр желілерінде 1,2 мың шақырым желі мен 54 қосалқы станция жөнделді. Ал жылу желілерін жаңарту жоспары 377 шақырым болады. Бұл жұмыстар сынақтар аяқталған соң басталады. Жаңғырту қарқынын қолдау үшін үкімет резервінен 7 өңірге 25,4 миллиард теңге бөлініп жатыр. Жалпы, энергетика және коммуналдық секторларды жаңғырту жөніндегі ұлттық жоба аясында 1 триллион теңгеден астам қаржы қарастырылған”, – деді вице-министр. 

Биыл ұлттық жоба бойынша 130 шақырым жылу және 10 490 шақырым электр желілерін жаңғырту көзделген. Бұл жұмыстарға 626,8 миллиард теңге бағытталады. Негізгі мақсат желілердегі тозу мен шығындарды азайту және отандық өндірушілерді қолдау.

Сұңғат Есімхановтың айтуынша, бірқатар маңызды нысандарды жөндеуге жеке қаржы бөлінеді. Атап айтқанда, Риддер қаласындағы №5 және №6 қазандықтар мен 12 жылу желісі учаскесі жөнделеді. Сонымен қатар Семейдегі ЖЭО-1 мен қазандықтар жаңғыртылып, жаңа кварталдық қазандық салынады.

Айта кетейік, бұған дейін Риддердегі жылу желілері мен ЖЭО қазандықтарын жөндеуге үкімет 1,8 миллиард теңге бөлетіні туралы жазған едік. 

Нұрила Жұмаділлә
Сейсенбі, 05 Мамыр, 2026 11:14