Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Не істесең де кінәлі боласың": Серік Сәпиев жанжалдан кейінгі қызметтен кетуінің мән-жайын алғаш рет айтты

Серік Сәпиев
Фото: "Почему не я" YouTube-арнасынан

Серік Сапиев "Почему не я" YouTube-арнасына берген сұхбатында жанжалдан кейінгі қызметтен кетуінің себебін алғаш рет айтып, өзін "жағдайдың құрбаны" деп атады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Қазақстандық танымал боксшы, Олимпиада чемпионы Серік Сапиев бұрынғы орынбасары Дәурен Есімхановпен болған жанжалға қатысты алғаш рет егжей-тегжейлі пікір білдірді.

Сәпиевтің сөзінше, келіспеушілік жұмыс барысындағы мәселелерден туындаған. Оның айтуынша, орынбасары заңсыз әрекеттерге барған, ал өзі мұны тоқтатуға тырысқан.

"Бұл жағдайда не істесең де кінәлі боласың. Ұрсаң да, ұрмасаң да. Осындай кезде қалай әрекет ету керек? Мен екінші жолды таңдадым", – деді ол.
Серік Сәпиев өңірде ұзақ жылдар бойы қалыптасқан жүйені өзгертуге тырысқанда қарсылыққа тап болғанын айтты.

"Біздің өңірде де бір орында 10, 15, тіпті 20 жыл бойы жұмыс істеген адамдар болды. Олар қозғалып, өзгергісі келмеді. Соның салдарынан кейбірінің облыста белгілі бір ықпалы қалыптасты. Мен жағдайды жақсартқым келді, қаржыландыруды басым спорт түрлеріне қайта бөлуді ойладым. Бірақ оған қарсылық болды", – деді Сәпиев.

Серік Сәпиев бұрынғы орынбасарына қатысты дауға алғаш рет пікір білдіріп, заңсыз әрекеттерге өзі еш қатысы болмағанын мәлімдеді. Оның айтуынша, орынбасары мұндай әрекеттерді өз бетінше жасаған және бұл жағдай олардың арақатынасына нүкте қойған.

"Жоқ, ол заңсыз әрекеттерді өзі жасаған. Маған айтты. Өтініш жазды, мен босаттым. Одан кейін сөйлескен жоқпыз, дұрыс қылық жасамады", – деді Серік Сәпиев.

Серік Сәпиев өзіне қатысты айтылған сын-пікірлерге жауап беріп, қызмет барысында ешқандай қысым сезбегенін және антикоррупциялық органдарға тек ресми ақпарат жолдағанын айтты. Ол өзін ашық, икемді басшы ретінде сипаттады.

"Мен тек антикоррупциялық қызметке анықтамалық ақпарат жібердім. Мені танитындар менің әділдік жағында екенімді біледі. Мен жанжал шығарғыш адам емеспін, ең бастысы ұжымда жұмысқа қолайлы атмосфера болуы керек. Айтарлықтай әсер етті деп айта алмаймын. Мені танитын, бірге жұмыс істейтін адамдар менің әділдік жағында екенімді біледі. Иә, кейде қасарысып қалуым мүмкін. Бірақ көп адаммен тіл табыса аламын. Спортшылармен жұмыс істеу үшін де ерекше тәсіл керек. Өз пікірімде тұрсам да, дәлелмен келсе, қабылдай аламын. Ең бастысы, ұжымда жұмысқа қолайлы атмосфера болғанын қалаймын", – деді Серік Сәпиев.

Серік Сәпиев өңірлердегі спорт саласында бейресми ықпалдың барын айтып, жүйені өзгертуге тырысқанда қарсылыққа тап болғанын жеткізді. Соған қарамастан, ол қаржыландыруды қайта бөліп, жастар спортына басымдық бергенін атап өтті

"Нәтиже болмаса, өзгеріс керек. Біз қаржыландыруды қайта қарап, жастарға басымдық бердік. Соның нәтижесінде төрт жылда бір рет өтетін Спартакиадада, яғни жастар ойындарында біз төртінші орын алдық. Бұл – тарихтағы алғашқы нәтиже. Алғашқы үштікте Астана, Алматы, Шымкент командалары болды, ал облыстар арасында біз ең үздік атандық", – деді Серік Сәпиев.

Боксшы сол сәтте өзін "жағдайдың құрбаны" ретінде сезінгенін жасырмады. Сондай-ақ ол Қарағанды облыстық спорт басқармасы басшысы қызметінен кету туралы шешімді өз еркімен қабылдағанын, ешкімнің қысымы болмағанын атап өтті.

Еске салайық, 2026 жылдың қаңтарында әлеуметтік желіде Сәпиев пен Есімханов арасындағы жанжалдың видеосы тараған еді. Оқиғадан кейін ведомствода тексеріс жүргізіліп, нәтижесінде екі тарап та қызметінен босатылды. Кейінірек Серік Сәпиевтің туризм және спорт министрінің штаттан тыс кеңесшісі қызметіне тағайындалғаны белгілі болды.

Stan.kz
Сейсенбі, 05 Мамыр, 2026 11:17