Ираннан жасалған шабуылдардан кейін БАӘ қорғаныс жағдайын жариялады

Біріккен араб әмірліктерінің Қорғаныс министрлігі зымырандар мен ұшқышсыз ұшу аппараттарының (дрондардың) шабуылдары аясында кез келген қауіпке тойтарыс беруге толық жауынгерлік дайын екенін мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Тиісті мәлімдеме ведомствоның Х әлеуметтік желісіндегі парақшасында жарияланды.
"2026 жылғы 4 мамырда БАӘ әуе қорғаныс күштері Иран аумағынан ұшырылған 12 баллистикалық зымыранды, 3 қанатты зымыранды және 4 дронды тоқтатқан. Соның салдарынан үш адам орташа деңгейде жарақат алды", – делінген хабарламада.
Иран тарапынан ашық шабуылдар басталғалы бері БАӘ әуе қорғаныс күштері жалпы 549 баллистикалық зымыранды, 29 қанатты зымыранды және 2260 ұшқышсыз ұшу аппаратын әуеде атып түсіріп, ел аумағына жетуіне жол бермеген.
Осылайша, зардап шеккендердің жалпы саны 227 адамға жеткен. Олардың арасында әртүрлі елдердің азаматтары бар екені нақтыланды.
Министрліктің мәліметінше, әскери қызметкерлер арасындағы қаза тапқандар саны 3 адамға жеткен. Олардың бірі – қарулы күштермен келісімшарт негізінде жұмыс істеген бейбіт тұрғын. Ал азаматтар арасындағы қаза тапқандар саны 10 адам болған.
Министрлік "кез келген қауіпке толық жауынгерлік дайын" екенін айтып, мемлекет қауіпсіздігін бұзуға бағытталған кез келген әрекетке қатаң түрде қарсы тұратынын мәлімдеді. Сондай-ақ елдің егемендігін, қауіпсіздігін, тұрақтылығын және ұлттық мүддесін қорғау үшін барлық шаралар қабылданатыны айтылды.
Бұған дейін БАҚ-та БАӘ-нің Фуджейра әмірлігіндегі мұнай портында дүйсенбі күні ірі өрт болғаны хабарланған еді. Жергілікті биліктің мәліметінше, елдегі ең ірі мұнай сақтау және порт аймағы саналатын Фуджейра мұнай өнеркәсіптік аймағына Иранның дроны шабуыл жасаған.
Ал Тегеран бұл ақпаратты жоққа шығарып, БАӘ-ге шабуыл жасау жоспары болмағанын мәлімдеді.
Оқыңыз