Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Семей мен Өскеменде ЖЭО-ны Ресейден басқа кім салады: “Самұрық-Энерго” басшысы мән-жайды айтты

жылу
Фото: freepik.com

“Самұрық-Энерго” АҚ басқарма төрағасы Қайрат Мақсұтов Семей мен Өскеменде Жылу электр орталығын кім салатынын айтудан бас тартты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Оның айтуынша, EPC-келісімшарт сингапурлық-қазақстандық консорциуммен жасалған. Алайда сингапурлық компаниямен жасалған келісімге сәйкес, олардың атауын жариялауға рұқсат берілмеген.

“Өкінішке қарай, келісім талаптарына байланысты бұл ақпаратты айтуға рұқсат жоқ. Мүмкін, болашақта рұқсат берілер”, – деді Қайрат Мақсұтов.

Сонымен қатар ол консорциум құрамында сингапурлық компаниядан бөлек, екі қазақстандық компания бар екенін айтты.

“Сингапур тарапы жобалау, жабдық жеткізу, монтаж және іске қосу жұмыстарын атқарады. Ал қазақстандық компаниялар құрылыс және инфрақұрылым жұмыстарына жауапты болады”, – деді Мақсұтов.

Мақсұтовтың сөзінше, барлық қатысушы тиісті лицензияларға ие. Мердігерді таңдау кезінде көмірмен жұмыс істейтін электр станцияларын салу тәжірибесіне баса көңіл бөлдік дейді. 

Сингапурлық компанияның нақты қандай жобаларды жүзеге асырғаны айтылмады. Олардың Үндістан мен Индонезияда орналасқаны белгілі болды.

Құрылысқа жауапты компания туралы ақпараттың қашан жарияланатыны әзірге белгісіз.

Оған қоса Мақсұтов Семей мен Өскемендегі жылу электр ортағығы құрылысының құны құпия болмайтынын айтты. Бұл тұрғыда Көкшетаудағы жоба секілді ашық болады. Алайда нақты соманы есіне түсіре алмады. 

Жағдайдың мән-жайы

Бастапқыда Көкшетау, Семей және Өскемен қалаларында үш жылу электр орталығын салу жобасын Ресей қолға алған еді. Жобалардың тарихы 2023 жылдың қарашасынан басталады. Сол кезде вице-премьер Серік Жұманғарин Қазақстан мен Ресейдің өңіраралық форумында тиісті ынтымақтастық құжатқа қол қою жоспарланғанын мәлімдеген. Алайда жобаларды іске асыру созылып кетті. Мерзімі мен шарты бірнеше рет қайта қаралып, Ресей тарапының қатысып иә қатыспайтыны белгісіз күйде қалды.

2024 жылдың қарашасында Мәжіліс депутаттары тиісті келісімді ратификациялау туралы заң жобасын қарауға алды. Құжатта жылу электр орталықтарын Ресейдің қатысуымен салу, оның ішінде жобалау, жабдық жеткізу және Ресейдің мемлекеттік несиесі есебінен жеңілдетілген қаржыландыру тетіктері қарастырылған.

2025 жылдың мамырында Үкімет үш жылу электр орталығын салу жобасы бойынша инвесторды ауыстыру мүмкін екенін хабарлады. Премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр жобалау және дайындық жұмыстары жүріп жатқанымен, әсіресе Көкшетауда, қаржыландыру мәселесі шешілмегенін айтты. Атап айтқанда, жабдыққа пайыздық мөлшерлемені субсидиялау мәселесі шешілмеген. 

2025 жылдың қазан айында Ресейдің жобаларға қатысуы туралы шешім әлі қабылданбаған еді. Сол кезде “Самұрық-Энерго” АҚ басқарма төрағасы Қайрат Мақсұтов дайындық жұмыстары жүріп, қаржыландыру көздері іздестіріліп жатқанын мәлімдеген. Компанияның өз қаражаты да, Ресей тарапынан қаржыландыру да қарастырылған.

Премьер-министр 2026 жылдың наурызына дейін дайындық кезеңдерін аяқтап, құрылысқа көшу туралы тапсырма берді. Ал станцияларды іске қосу мерзімі ретінде 2029 жыл белгіленді. 

Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов Қазақстан екі Жылу электр орталығы бойынша Ресейден жеңілдетілген қаржыландыруға қатысты жауап алмағанын мәлімдеді.

Көкшетаудағы жобаны Қазақстан өз күшімен жүзеге асыру туралы шешім қабылдады. Бұл уақытқа дейін құрылыс алаңын дайындау жұмыстары басталып, жоба Энергетика министрлігі арқылы “Самұрық-Энерго” компаниясына берілген.

Ал Семей мен Өскемендегі жылу электр орталықтары бойынша нақты шешім қабылданбаған. Үкімет Ресей тарапынан қаржыландыру болмаған жағдайда жобаларды өз ресурстары есебінен іске асыру мүмкіндігін қарастырып жатыр. 

Айта кетейік, бұған дейін жылу электр орталықтарын Ресей салмайтыны айтылған еді. 

Нұрила Жұмаділлә
Сейсенбі, 05 Мамыр, 2026 12:28