Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Пандемия жариялаудың мақсаты-осы": Айтыскер ақындар міндетті вакцинацияға қатысты наразылығын айтты

Мәжілісте мақұлданған міндетті вакцинациялау желіде біраз талқыланып, халықтың наразылығын тудырды. Әсіресе қоғам белсенділері мен әртістер, айтыскерлер парақшаларында пост жазып, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа үндеу тастады. Айтыскер ақын Балғынбек Имашев "халқының талабы мен тілегіне қарсы заңдар шығаратын парламенті бар елдің азаматтығынан бас тартамын" деп кесіп айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Осыдан екі күн бұрын парламентің мәжіліс депутаттары "Халық денсаулығы мен денсаулық сақтау жүйесі" туралы кодексте көрсетілген міндетті түрде жасалатын вакцинацияны мақұлдаған еді. Осыған байланысты айтыскер ақын Балғынбек Имашев парақшасында міндетті вакцинациялауға үзілді-кесілді қарсы екені туралы жазба қалдырды. Айтыскердің пайымынша, әлемді дүрліктірген пандемияның да негізгі мақсаты осы - вакцина.  

"Жалғыздың үні шықты, бірақ, елең еткен ешкім болмады. Біздің Парламенттің сыйқы осы енді. Бір депутат қарсы, екеуі қалыс, қалғаны үнемі қолдайды! Енді құрамы белгісіз, сапасы белгісіз, шетелден келетін екпелердің жартысы ерікті, жартысы мәжбүрлі түрде міндетті болады! Әншейін ғана грипмтің бір түріне ковид-19 деп айдар тағып, әлемді дүрліктіріп пандемия жариялаудың мақсаты да осы болатын", - дейді Балғынбек Имашев. 

"Біз сіздерден емес, Құдайдан қорқамыз! Бізге ризықты Алла береді! Көк пен жердің Раббысы Алла, оған ерікті, еріксіз түрде барлық жан иелері бағынады! Вакцинацияға қарсымыз, күштеп салдыруды қылмыс деп білеміз! Біз әлемдердің Раббысына ғана құлшылық етеміз, һәм жәрдем тілейміз!", - деген ол өз позициясын ашық айтты. 

"Менің алты балам бар, алғашқы үш балаға екпе салдырғанмын, кейінгі 3 балаға салдырмадым! Айырмашылық жер мен көктей. Үлкендері ауыра береді, иммунитеттері әлсіз. Кейінгі үшеуі мүлде ауырып (тіпті, гриппен де, қызылшамен де) көрген емес! Иммунитеттері жоғары, екі жыл анасының ақ сүтін емген балалар! Менің балаларым - менің байлығым, екпені маған ешкім мәжбүрлей алмайды!", - деген айтыскер құқығым тапталатын болса азаматтықтан бас тартамын деп қадап айтты. 

"Егер алдағы уақытта менің конституциялық құқығым тапталатын болса, мен Ата заңына қарсы, халқының талабы мен тілегіне қарсы заңдар шығаратын Парламенті бар елдің Азаматтығынан бас тартамын!", - дейді Балғынбек Имашев.

Айтыстағы ағасының сөзін жалғаған Жандарбек Бұлғақов болды. Ол да міндетті вакцинациялауға қарсы екенін білдіріп, парақшасына арнайы пост жариялады. 

"Тұңғыш қызым өмірге келгенде вакцинадан бас тартатыным туралы өз қолыммен қолхат жазып бергенмін. Біріншіден сап-сау туылған баланы инемен піскілеуге келіспедім. Екіншіден әлемде және ел ішінде вакцинаның пайдасына қарағанда зиянын көргендер көбейді. Бұрын адамзат баласы естімеген түрлі ауруларға душар болған нәрестелердің саны өсті", - деп не үшін қарсы болатынын түсіндіріп өткен ол басынан өткен мына оқиғаны тілге тиек етті.

"Бір күні балалар денсаулығына жауапты учаскелік дәрігеріміз "вакцина жақсы" деген үгіт-насихатын айту үшін арнайы үйге келіпті. Толық тыңдап шықтым да: "Жақсы. Балама вакцина салуға келісімді беремін. Бірақ осының кесірінен қазір сау отырған нәрестеміз қандай да бір ауруға душар болса жауапкершілікті толықтай өз мойныма аламын деп қолхат жазып беріңіз" - деп едім, ат тонын ала қашып үйден безіп шықты. Сонда бұл не? Өзіңіз насихаттап жүрген дүниенің пайдалы-зиянды екеніне көзіңіз толық жетпесе елді қалай үгіттейсіз? Елді қалай мәжбүрлейсіз?", - дейді Бұлғақов. Айтыскер ақын мұнымен тоқтамай "шенділер қолымен істегенді мойымен көтеретін" болса ғана вакцинаға келісім беретінін айтты. 

"Мына заңды қолдап отырған депутат мырзалар және тұмау тисе де шетелдік медицинаға жүгінетін шенділер! "Вакцина кесірінен қандайда бір нәресте өмір бойы мүгедек болып қалса немесе басқа дертке шалдықса жауапкершілікті толық мойнымызға аламыз" деп ресми мәлімдеме жасап қолхат жазып беріңіздер. Саяси мәселенің көбін халықпен санасып шешіп отырғандарыңыз шамалы.Тым құрыса баламызға қатысты мәселені біздің өзіміз шешуге құқығымыз бар шығар?!" - дейді Жандарбек Бұлғақов. 

Естеріңізге сала кетейік, міндетті екпеге қатыс халық арасында наразылық туған соң, Біртанов "Вакцинация мәжбүрлі болмаған және болмайды да" деп мәлімдеді. 

Талқылау
Пікір
Қазір оқып жатыр
Çàãðóçêà...
Қазір оқып жатыр