Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ел қауіпсіздігін Орталық Азия-Қытай форматымен қамтамасыз ете аламыз – Тоқаев

Тоқаев
Фото: Ақорда

Қасым-Жомарт Тоқаев Астанада "Орталық Азия-Қытай" форматындағы елдердің ішкі істер және қоғамдық қауіпсіздік министрлерін қабылдады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Президенттің пікірінше, қылмыстық элементтердің өңірдегі ішкі тұрақтылықты бұзуына жол беруге болмайды. Бұл орайда жүйелі әрі батыл әрекеттер қажет.

“Қазақстан заң үстемдігін құқық қорғау қызметі ғана емес, мемлекеттік саясаттың стратегиялық басым бағыты ретінде қарастырады. Біз "Заң мен тәртіп" тұжырымдамасын дәйекті түрде нығайтып келеміз. Аталған қағидат жаңа Конституциямызда елімізді одан әрі жаңғыртудың басты алғышарттарының бірі ретінде көрініс тапты. Маңызды міндеттердің бірі – ұйымдасқан трансұлттық қылмыстық топтардың қаржы ағынына тосқауыл қою. Экстремизм идеяларының таралуын, лаңкестік топтардың адамдарды интернет арқылы арбауын белсенді түрде әшкерелеп, террорлық актілерге астыртын әзірлік әрекеттерін алдын ала анықтаған жөн”, – деді президент.

Сөзінше, оған тек жан-жақты, кешенді түрде күш-жігер біріктіре отырып төтеп беруге болады. Ол "Орталық Азия-Қытай" форматы елдердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үлгісі болатынына сенімді.

Тоқаев қоғамдық және экономикалық тыныс-тіршіліктің онлайн кеңістікке ойысуы киберқауіпсіздік мәселесін мүлдем жаңа деңгейге көтерді деп санайды. Себебі ақпараттық технологиялар саласындағы қылмыс ешқандай шекараға бағынбайды.

“Азаматтарымызға, бизнеске және мемлекеттік органдарға зардабын тигізіп отыр. Гибридті және ақпараттық технологиялар жалған мәлімет, яғни, "фейк" тарату құралы ретінде қолданылады. Өшпенділік өртін үрлеп, алауыздық туғызады. Деструктивті элементтердің қолындағы жасанды интеллект ауыр салдарға әкеліп соғатын өте жойқын ақпараттық қаруға айналды. Заң талаптарына қайшы контент толассыз көбейіп жатыр. Осыған байланысты қазіргі ықпалдастық тетіктерін жүйелі түрде жетілдіріп, киберқауіпсіздікке қарсы проактивті іс-қимылға көшу керек”, – деді ел басшысы.
Қырмызы Скендирова
Дүйсенбі, 18 Мамыр, 2026 16:54