"Ел дамуына қосқан үлесім": Желіде Дариға Назарбаеваның кітабы шыққаны туралы ақпарат тарады
Желіде Дариға Назарбаеваның "Мои заслуги перед Народом" атты кітабінің шыққаны, оның жабық тұсаукесері 21 маусымда өткені туралы ақпарат тарады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: t.me/kazakh_inform
kazakh_inform Telegram арнасының жазуынша, кітапта Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қызы өмірі мен қызметі туралы естеліктерін жазған. Ол кітабында ел дамуына қосқан үлесі туралы айтып, Қазақстанның болашағы жайында ой қозғайды.
Алайда бұл ақпарат шындыққа жанаспайтын болып шықты.
"Жақында әлеуметтік желілерде "Мои заслуги перед Народом" кітабының сатылуы туралы хабарламалар пайда болды. Мұндай кітап ешқашан біздің веб-сайтта немесе MARWIN / "Меломан" дүкендер желісінде болмаған. Біздің білуімізше, мұндай кітап әлі жарыққа шықпаған", – деп хабарлады дүкендер желісінің баспасөз қызметі.
Айта кетсек, бұған дейін тұңғыш президент Нұрсұлтан Назарбаевтың "Менің өмірім. Бодандықтан – бостандыққа" атты мемуарлық туындысы жарық көрген болатын.
Еске салайық, бұған дейін Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаевтың жақында жарық көрген мемуары жайлы пікір білдіргенін жазған едік. Ол Назарбаевты әділ тарихи бағасын алуға лайық адам деп атады. Тоқаев Назарбаевтың “Менің өмірім. Бодандықтан – бостандыққа” кітабы тәуелсіз мемлекет құру ісінің жылнамасы ретінде оқырман қызығушылығын туғызады деп санайтынын жеткізген.