Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Әке-шешемді ұрып, көлігім мен ақшамды ұрлады": ҰҚК экс-қызметкері бұрынғы әйелі жала жапқанын мәлімдеді

Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы қызметкері алматылық Ырысбай Әмірғазы әділдік іздеп, редакциямыздың көмегіне жүгінді. Айтуынша, бұрынғы жұбайы ол туралы желідегі танымал парақшаларда жалған ақпарат таратып, жала жапқан. Ұзақ уақыт бойы өз баласымен де жолыға алмай жүргенін әрі әйелінің әрекеттерінен зардап шеккенін айтады. Өзінің кінәсіз екенін дәлелдегісі келетін әке тілшімізге бірнеше дәлел ұсынып, өз шындығын айтты.

Қыркүйек айында желіде ҰҚК-ның бұрынғы қызметкері өз әйелін ұрып-соғып, баланы анасынан айырған деген ақпарат тарады. Айтуынша, “НеМолчи” қоры Ырысбай Әмірғазының аты-жөнін атап, бір тараптың уәжімен хабар таратқан. Тіпті Ырысбайдың әкесінің жеке деректері желіге тараған көрінеді. Ер адам екінші тараппен байланысқа шықпай, біржақты ақпарат тарату дұрыс емес деп санайды. Әрі кінәсіздік презумпциясының орындалмағанына шамданды. Жалған ақпарат тарату және жала жабу бойынша ол “НеМолчи” қорының үстінен арыз жазған.

Отбасылық дауға қалған ер адам өз нұсқасын айтып берді.

“Анама қол көтерді”

Оның айтуынша, 25 мамырдан бастап үйінде ұрыс-керістер жиілеп, жағдай ушыққан. Әсіресе жұбайы мен анасының арасында кикілжің жиі болатын дейді ол. Алайда әйеліне жақтасып, отбасын сақтап қалу үшін қолынан келгенін істегенін айтады.

“Таңертеңнен кешке дейін жұмыстамын. Жұмыстан келген соң анамның үстінен арыз айтып, ренішін білдіретін. Үйден кетемін дейтін. Осындай ұрыстардан соң әйелім мен қызымды алып, ата-анамнан бөлек кеттім. Алайда дау басылмады. Бір күні келсем, келіншегім анамды ұрып жатыр. Ал анам – 60-тан асқан ерекше қажеттілігі бар адам. Содан соң ол айқайға басып, жиһаздарды лақтырып, жылап, шу шығарды”, – деді ол.

Ырысбай Әмірғазының анасы, жеке архивтен

Содан кейін әйел 1,5 жастағы баласын алып, үйден кетіп қалған. Айтуынша, бір ай көлемінде хабарсыз кеткен, ер адам олармен кездесуге тырысса да, байланысқа шықпаған. 

“Қызметімнен айырылдым”

Бір айдан соң әйел оның үстінен арыз жазып, “ұрып-соқты, тепті, өз қызметін пайдаланып, қысым көрсетеді” деп шағымданған екен. 

“Әйелім екеумізден түк шықпайтынын біліп, ажырассақ та, баламмен кездесіп тұрғым келді. Жалынып, қайта-қайта желіде жазып, хабарласып, туыстарының үйіне барып, қызымды көрсетуді өтіндім. Кешірім сұрап, ересектерше мәселені шешуді қаладым. Ол қызымды 4 ай көрсетпеді”, – дейді ер адам.

Баламен кездесе алмаған әке заңгерлерге жүгініп, құқығы бұзылғанын айтқан. Ювеналды сот, неке-айырылысу істері бойынша азаматтық сотқа да жүгінген. Алайда ешкім оны қолдамаған көрінеді. Ол Қазақстанда әкелер құқығының қорғалмағанына наразы. 

Қазіргі таңда бала әкесімен бірге. Себебі 4 айдан кейін сәбиімен кездескенде, оны өзімен алып кеткен. Осыдан соң “Бала ұрлау” ісі бойынша ер адамның үстінен іс қозғалған. Полицейлер оның қолын қайырып, қызды күштеп тартып алмақ та болған. Алайда ер адам бәрін диктофонға дәлел ретінде жазып алып, сол полиция қызметкерлерінің үстінен шағым түсіріп, жазаға тартқан.

“Мен сырттағы бөтен адам емеспін. Ана мен әкенің құқығы бірдей болу керек. Мен қызымды кез келген уақытта көруге, онымен қыдыруға құқылымын, себебі мен де қызымның қауіпсіздігі мен өміріне жауап беремін”, – деді Әмірғазы.

“Көлігімді ұрлап, дөңгелектерін шешіп алған”

Ер адам осы дау барысында көлігі жоғалып кеткенін айтады. Осы үшін бұрынғы жұбайы мен бажасының үстінен “Сату мақсатынсыз өзгенің көлігін заңсыз иемдену” қылмыстық кодекстің 200-бабы бойынша іс қозғатқан.

“Менің жеке көлік жүргізушім бар еді, әйелім мен бажам оған тап беріп, көлікті айдап кеткен. Бажам соттылығы бар адам еді, ол жүргізушімнің мойнына пышақ тақап, ұрып, қорқытқан. Осылайша көлікті әйелім тұратын үйге апарған. Осылайша менен кек алуға ниетті”, – деді ол.

Ырысбай Әмірғазының көлігі және көлік жүргізушісі

Ер адам тілшімізге мұны дәлелдеу үшін  бейнебақылау камераларының жазбасын көрсетті. Онда бажасының көлікті басқарғаны, ал экс-жұбайының інісі мен оның досы көліктің дөңгелектерін шешіп алғаны көрінеді. Сөзінше, кейін көлік әйелдің үйіне жақын жерден табылған.

4 миллион 200 мың теңге, қымбат тон жоғалып кетті

Баланы әкесі алып кеткеннен соң әйел үйге келіп, балтамен есікті сындырып, шу шығарған. Осы үшін ол “Ұсақ бұзақылық” бабы бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды. 

Содан соң үйде ешкім жоқта төтенше жағдайлар қызметкері “Бала ұрланды” деген шағымға байланысты есікті бұзып, үйді тінтіген.

“Сол күні 4 миллион 200 мың теңге жоғалып кетті. Оның қайда тұратыны бұрынғы әйеліме ғана мәлім еді. Кейін анамның күзеннен жасалған қымбат тоны, әкемнің күртешесі де жоқ екенін байқадық. Бірақ ол бәрін жоққа шығарып, ештеңе алмағанын айтады. Ол бойынша қылмыстық іс қозғатайын деп едім, үйдің ішінде бейнебақылау камерасы болмағандықтан, дәлел жоқ деп қысқартылды”, – деді ұлттық қауіпсіздік қызметінің бұрынғы қызметкері. 

Әйеліне заңсыз көмектескені үшін қорғаншылық және қамқоршылық органының қызметкеріне сөгіс жарияланған екен. 

 

“Үйге баса-көктеп кіріп, әкемнің қабырғасын сындырды”

Сөзінше, 13 қазанда түнгі уақытта бұрынғы әйелі терезеден кіріп келген.

“Бір тереземіз толық жабылмайтын. Соны біліп, бажам мен балдызым оған терезе арқылы кіруге көмектесті. Үйде тек әкем ғана болды. Сол кезде бұрынғы келіншегім баса-көктеп кіріп, әкемді ұрып, қабырғасын сындырды. Әкемнің тізесі ауыратын, егде тартқан кісі. Осыдан соң оны жедел жәрдем алып кетіп, рентгенге түсірді”, – деді ер адам.

Ырысбай Әмірғазының әкесінің рентген түсірілімі мен дәрігер қойған диагнозы

Тілшіміз жарақат алған ер адамның рентген түсірілімімен танысты. Әйелдің үстінен “Денсаулыққа қасақана орташа ауырлықтағы зиян келтіру” бабы бойынша тағы бір қылмыстық іс қозғалған.

“Менің тарапыма желіде кибербуллинг пен кибершабуылдар жасалды, абыройыма нұқсан келіп, қоғамның көз алдында жауызға айналдым. Соңғы уақытта болған Бишімбаевтың ісінен кейін ерлердің бәрін қанішер, қоғамға қауіпті адам ретінде қарайтын болды. Алайда бір жақты қарамауымыз керек, себебі оқиға мүлдем басқаша болуы мүмкін”, – деді ол.

Stan.kz тілшісі оқиғадан соң Ырысбай Әмірғазының бұрынғы жарына хабарласты. Әйел бұл жағдайда керісінше зәбір көруші адам екенін алға тартты.

“Ананы емшектегі баладан айырып, қашып жүр. Сонда кінәлі менмін бе? Менің қызым із-түссіз жоқ, ол туралы хабарсызбын”, – деді ол.

Талқылау