Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Екпе аутизм тудыра ма: Дәрігер вакцинаға қатысты басты қорқынышқа жауап берді

Екпе егу
Фото: Magnific.com

Астаналық медицина ғылымдарының докторы, жоғары санатты инфекционист дәрігер Динагүл Баешева екпе егу аутизм тудырмайтынын айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Маманның сөзінше, көп ата-ана аутизмнің алғашқы белгілері екпенің әсерінен деп топшылайды. Себебі баланың мінез-құлқындағы өзгерістер кейде екпе салынғаннан кейін көп ұзамай байқалуы мүмкін.

Алайда дәрігер ғылыми тұрғыдан мұндай байланыстың дәлелденбегенін атап өтті.

“Вакцина мен аутизм – қазіргі медицинадағы ең көп зерттелген мәселелердің бірі. Кейінгі 25 жылда әртүрлі елдерде миллиондаған баланың қатысуымен ауқымды зерттеулер жүргізілді. Олардың қорытындысы бір: вакцина аутизм тудырмайды”, – деді Баешева.

Оның айтуынша, мұндай қате түсінік екпе егу мен аутизмнің алғашқы белгілерінің бір уақытта пайда болуынан қалыптасады.

Аутизмнің алғашқы айқын белгілері – көзге тіке қараудың азаюы, сөйлеудің кешігуі, қарым-қатынас жасау ерекшеліктері көбіне 1,5-2 жас аралығында байқалады. Дәл осы кезеңде балаларға ревакцинация жасалады.

Сондықтан ата-аналарда баласындағы өзгеріске екпе себеп болды деген ой пайда болуы мүмкін.

“Екі оқиға бір уақытта болғаны – біреуі екіншісіне себеп болды дегенді білдірмейді”, – деп түсіндірді дәрігер.

Ол бұған қарапайым мысал келтірді: егер адам бір стақан су ішкеннен кейін жаңбыр жауса, бұл жаңбыр сол су ішкеннен басталғанын білдірмейді.

Баешеваның сөзінше, аутизм – баланың ми дамуының ерекшелігі. Ол бала дүниеге келмей тұрып қалыптасады. Мұнда генетикалық факторлар, ДНҚ ерекшеліктері және жүйке жүйесінің дамуы маңызды рөл атқарады. Ал вакциналар иммунитетті жаттықтырады және баланың миының қалыптасуына немесе генетикасына әсер ете алмайды.

Дәрігер сондай-ақ екпелер аутизмі бар балаларда сөйлеу қабілетін жоғалту немесе бұрын қалыптасқан дағдылардан айырылу қаупін арттырмайтынын айтты.

Баешева вакцинадан бас тарту ауыр салдарға әкеп соғуы мүмкін екенін ескертті. Оның айтуынша, 40 жылдан астам медициналық тәжірибесінде ол балалар арасындағы инфекциялық аурулардың талай ауыр жағдайын көрген.

“Ата-аналар жылап, көмек сұрайды. Ал көмектің бір ғана жолы болған – уақытылы вакцина салдыру”, – деді дәрігер.

Инфекционист екпелер балаларды көкжөтел, қызылша, паротит, дифтерия және басқа да қауіпті басқарылатын инфекциялардан қорғайтынын еске салды.

“Құрметті ата-аналар, сақ болыңыздар, балаларыңызға екпе салдырыңыздар, оларды қорғаңыздар, балаларыңызға инфекциясыз, дені сау өмір сүруге мүмкіндік беріңіздер”, – деді Динагүл Баешева.

Балнұр Рахматуллақызы
Дүйсенбі, 04 Мамыр, 2026 11:25