Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстандық орманшылар осыған дейін 129 мың теңге жалақы алып келген

Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев берген ақпаратқа сәйкес, мемлекеттік орман күзеті қызметкерлерінің орташа жалақысы 129 мыңнан 250 мың теңгеге дейін ұлғайды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Фото: кадрдан скрин

“Әлеуметтік мәселені шешу аясында өткен жылғы 1 шілдеден бастап мемлекеттік орман күзеті қызметкерлеріне лауазымдық еңбекақының 100% мөлшерінде қосымша ақы төлеу белгіленді. Мемлекеттік орман күзеті қызметкерлерінің орташа жалақысы 129 мыңнан 250 мың теңгеге дейін ұлғайды. Қалған қызметкерлерге министрлік пен кәсіподақ арасындағы келісім шеңберінде өткен жылы 75% қосымша ақы қарастырылды. Сонымен қатар орман өрт сөндіру станцияларының барлық қызметкеріне 100% қосымша ақы төлеу мақсатында үкімет қаулысының жобасы әзірленді”, – деді министр.

Мемлекеттік орман қорының ауданы 30, 9 млн гектар, оның ішінде орманмен көмкерілгені 13,7 млн гектар.

“Ел аумағының ормандылығы 5 %-ға тең. 2023 жылы жалпы ауданы 116,8 мың гектарды құрайтын 810 орман өрті тіркелді, оның ішінде орманмен көмкерілгені 61,1 мың гектарОрман өрттерінің себептері бойынша оқиғалар саны: найзағай разрядтарынан – 498, ауыл шаруашылығы жерлерінен өтіп кеткен – 87, жеке және заңды тұлғалардың кінесі бойынша – 30, анықталмаған себептерден – 200 оқиға тіркелген”, – деді ол үкімет сағатында.

Ол сондай-ақ былтырғы ірі орман өрттері материалдық-техникалық базаның төмендігін, сондай-ақ орман шаруашылығы қызметкерлерінің әлеуметтік қорғалуының әлсіздігін көрсетіп бергенін айтты.

“Осы мәселені шешу үшін министрлік мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп республиканың барлық орман шаруашылығын материалдық-техникалық қамтамасыз ету үшін 2023-2027 жылдарға арналған азаматтық қорғау саласындағы бірінші кезектегі шаралардың кешенді жоспарын әзірледі.

Жоспарда барлық кезеңге сомасына 68,6 млрд теңге шығыстар көзделген”, – деді ол.

Бұл сомаға мыналарды сатып алу жоспарланып отыр:

  • 1082 бірлік арнайы көлік құралдары (өрт сөндіру машиналары, тракторлар, патрульдік машиналар);
  • өртке қарсы және орманды қалпына келтіру жұмыстарын жүргізуге арналған 948 бірлік тіркеме және қосымша жабдық (дискілі тырмалар, соқалар, тіркемелер, цистерналар және т.б.);
  • орман өрттерін ерте анықтау жүйесін орнату (тек ЭТРМ табиғатты қорғау мекемелеріне арналған);
  • орман мекемелерінің аумағында 102 өрт – бақылау мұнарасын салу.

Мәжіліс депутаты өрт сөндіру техникалары 30-40 жылдан бері жаңармағанын сынағанын жазған едік. 

Талқылау