Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Экология мәселесі туындауы мүмкін": Ауыл шаруашылығы министрлігі Алтай Айнабектің жасанды жаңбыр технологиясына пікір білдірді

Еліміздің Ауыл шаруашылығы вице-министрі Азат Сұлтанов жасанды жаңбыр технологиясын жасаған Алтай Айнабектің жобасына қатысты пікір білдірді. Айтуынша бұл жобаға мемлекет қолдау көрсетпейді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото: Gov.kz, Altay Ainabek

Үкіметте өткен брифингте вице-министр желде көпшілікті таңғалдырған Алтай Айнабектің жобасына қолдау көрсету туралы сауалға жауап берді. Айтуынша мұндай жобаны бұған дейін де шетелдіктер ұсынған.

“Біз заңды бірнеше рет зерттедік. Бұған дейін осындай сұрақпен бізге шетелден мамандар да келген. Маңғыстау, Батыс Қазақстан облыстарында 2-3 жыл бұрын сумен мәселе болғанын білесіздер. Содан кейін жаңбыр жаууы үшін жауын-шашын шақыру ұсынылды. Бірақ бұл мәселенің бірнеше аспектілері бар. Бір жағынан, экология мәселесі туындауы мүмкін. Бұл табиғат. Бір жерде жаңбыр жауса, басқа жерде мұның зияны тиюі мүмкін”, — деп жауап берді Азат Сұлтанов.



Вице министрдің айтуынша бұл тәсіл әлі де жан-жақты зерттеуді қажет етеді. 

“Біз экология министрлігімен бірге жұмыс істедік. Бірақ бүгінде ғылыми қорытынды да, тәжірибе де жоқ. Сондықтан нақты бір нәрсені айту қиын. Мұндай жобаны субсидиялау бізде қандай да бір заңға жатпайды”, - деп толықтырды Азат Сұлтанов.

Еске салсақ, Жасанды жаңбыр арқылы Аралды сумен толтырамын деген ғалым процесті қалай жүзеге асыратынын айтып берген еді. 

Талқылау