Екібастұзда жылу электр орталығында болған апатқа байланысты қылмыстық іс қозғалды
Екібастұз қаласының жылу-электр орталығында (ЖЭС)болған апат фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
"30 қарашада жылу желілеріне ірі көлемде зақым келтіру, желідегі судың қысымын төмендету және ыстық суды тоқтату фактісі бойынша ҚР ҚК-нің 254-бабы (қызметтік міндеттеріне селқостық таныту) бойынша сотқа дейінгі тергеу тіркелді. Бұл бап бойынша бес жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазасы қарастырылған", - деп мәлімдеді Павлодар облысының прокуратурасы.
Прокуратураның мәліметінше, апат салдарынан бірнеше көпқабатты және жеке тұрғын үйлер, бірқатар әлеуметтік нысандар жылудан ажыратылған, 123 тұрғын, оның ішінде балалар эвакуацияланған. Білім беру нысандары қашықтықтан оқыту форматына көшіп, балабақшалардың жұмысы тоқтатылған.
Сотқа дейінгі тергеп-тексеру Павлодар облысы бойынша полиция департаменті, экономикалық тергеу басқармасы және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаменті қызметкерлерінен құралған ведомствоаралық тергеу-жедел тобына жүктелді.
- "-32 градуста жұмыс істеп жатыр": Екібастұз тұрғындары қаладағы ахуал туралы айтты
- Екібастұзда 18 көпқабатты үй мен үш әлеуметтік нысанда әлі де жылу жоқ
- Бірқатар проблемалық энергетикалық нысандар мемлекет меншігіне өтеді - Үкімет
"Қылмыстық қудалаудың заңдылығын қадағалау үшін процессуалдық прокурорлар тобы жасақталды", - деп қосты прокуратурада.
Тергеу барысы Павлодар облысы прокурорының жеке бақылауына алынған.
Еске салайық, 27 қарашаға қараған түні Павлодар облысындағы Екібастұз қаласы 30 градустық аязда жылу электр орталығындағы қазандықтардың тоқтап қалуына байланысты жылусыз қалған болатын. 28 қарашада Екібастұзда төтенше жағдай режимі енгізілді. Дәл осы күні Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев проблемалық энергетикалық активтерді мемлекет меншігіне қайтару мәселесін қарастыруды тапсырған.
Кейіннен жылу электр орталығындағы апатқа қатысты тергеу басталғаны белгілі болды. Апатты жою үшін Астана мен тағы үш қаладан мамандарды жіберу туралы шешім қабылданды. Премьер-министр Әлихан Смайылов осы апатқа байланысты Қазақстан өңірлеріндегі энергетика нысандарына толық техникалық аудит жүргізуді тапсырды.
Жергілікті биліктің мәліметінше, 29 қараша күні түске дейін Екібастұз ЖЭС-дағы 10 қазандықтың алтауы жұмыс істеп тұр. Бұл ретте қалада жылу желілері жарылып, жергілікті билік шығынды есептеп, қала тұрғындарына өтемақы төлеуге уәде беріп отыр, ал республикалық билік кәсіпорынды мемлекет меншігіне алу мүмкіндігін жариялады. Болып жатқан жайтқа сәйкес жұртшылық олигарх Клебановтың жауапқа тартылуын талап етуде.