"Екі баланың анасын пышақтап өлтіріп, өзі 25-қабаттан секіріп кеткен": Астанада қылмыс жасағанын "ұмытып қалған" күдіктіге қатысты сот өтуде

Астанада әйелді ұлдарының көзінше пышақтап өлтірді деген күдікке ілінген Ержан Иманқұловқа қатысты сот жалғасуда. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Оқиға 2025 жылдың 19 маусымында болған. Астанада ер адам бірге тұратын әйелді ұлдарының көзінше төрт рет пышақтап, артынша өзі 25-қабаттан секіріп кеткен. Әйел оқиға орнында қаза тапса, ер адам аман қалған.
Айыпталушы Ержан Иманқұловқа қатысты іс бойынша сот 27 наурызда аяқталуы мүмкін еді, тараптар өз уәждерін айқтап, сот үкімін тыңдауға дайындалып жатқан. Алайда судья Айжан Құлбаева кенеттен сот тергеуін қайта жалғастыру туралы шешім қабылдады. Оның айтуынша, сот барысында жаңа деректер анықталған.
6 сәуірде сот тергеуі басталды. Сот отырысының алдында марқұмның әпкесі әйелдің қаза болған күні туралы айтып берді.
"Полиция келгенде, сіңлім дем алмай жатқан. Бірақ олар 112-ге қоңырау шалып, аман алып қалуға, көмек көрсетуге тырысқан. Олар 25-қабаттағы әпкемнің пәтерін қарап шығып, лифт арқылы төмен түскен, ауланы тексерген, сол сәтте бәрі тыныш болған. Кейін қайтадан 25-қабатқа көтерілген, содан кейін рация арқылы біреудің ауладағы көліктің үстіне құлағаны хабарланған", – дейді Алуа Сайдалинa.
Сот тергеуі аясында жәбірленушілер күдікті Ержан Иманқұловтың психологиялық-психиатриялық жағдайына қайта сот сараптамасын тағайындауды сұрады. Себебі сарапшылардың қорытындыларына сәйкес, 25-қабаттан төменде тұрған автокөліктің төбесіне құлаған кезде, айыпталушы көптеген жарақаттар алған, соның ішінде ауыр бас-ми жарақаты бар, кейін бірнеше ота жасалған.
Оны бірнеше рет сот-медицина сарапшылары тексеріп, соңында "сотқа барып, қорғану құқығын пайдалана алмайды" деген қорытынды шығарған. Сонымен қатар сарапшылар Ержан Иманқұлов әйелді ұрып, пышақ жарақатын жасаған сәтінде психикалық ауытқу жағдайында болғанын, өз әрекеттерін түсінбегенін және бақылауға қабілетсіз болғанын айтқан.
Сотта 25-қабаттан секіріп кеткен Иманқұловқа жасалған медициналық тексерулер антероградты және ретроградты амнезия (жарақат алдындағы және кейінгі оқиғаларды есте сақтай алмау) бар екенін растағаны да айтылды.
Жәбірленушілердің өкілдері бұл қорытындыларға сыни көзбен қарап, оны қайта тексеруді талап етті.
"Оның амнезиясы дәл сол сәттерге, өзі үшін есте сақтау тиімсіз сәттерге ғана қатысты екен. Дәл сол күн ғана есінде жоқ. Өйткені екі күн бұрын не істегені есінде, әпкеммен аквапаркта болғанын айтып отыр. Сондай-ақ ол айыптаушыдан істі 99-баптан 101-бапқа (аффект жағдайында өлтіру) қайта саралауды сұраған. Миына зақым келген психикалық ауытқуы бар адам мұндай қорытынды жасай алмайды. Оның сұрақтарға берген жауаптарына қарағанда оның дені сау", – дейді марқұмның әпкесі.
Жәбірленуішлердің өтінішін мемлекеттік айыптаушы Азат Барболов қолдаған жоқ, оның пікірінше, бұрын жүргізілген сараптамалар жеткілікті. Ол соттан өтінішті қанағаттандырмауды сұрады.
Соңында судья Айжан Құлбаева өтінішті қанағаттандырмады, яғни қайта сараптама жасалмайды. Алайда сотқа Ержан Иманқұловты тексерген сот-медицина сарапшылары шақырылып, жауап алынады.
"Айыптаушының оны қайта тексеруге қарсы шығуын түсінбеймін. Егер оның шын мәнінде осындай ауыр диагноздары болып, миына зақым келген болса, біз оны қабылдауға дайынбыз, ол жағдайда күдікті арнайы мекемеде емделсін. Ал егер сараптама басқа қорытынды көрсетсе, онда Иманқұлов сотқа келіп, өз әрекеттері үшін заң алдында жауап берсін. Біз тек әділеттілікті қалаймыз", – деді марқұмның әпкесі.
Еске салсақ, 2025 жылдың маусымында Астанадағы тұрғын үй кешендерінің бірінде ер адам бірге тұратын әйелді баласының көзінше төрт рет пышақтап өлтіріп, 25-қабаттан секіріп кеткені туралы жазған едік. Марқұм әйелдің артында 7 және 10 жастағы екі ұлы қалды. Ал күдікті үй аусында тұрған автокөліктің үстіне құлап, тірі қалған еді.