Ақтау теңіз портының экс-президентіне 8 жыл түрме жазасы сұралды

Ақтауда теңіз портының бұрынғы президенті Абай Түрикпенбаевқа қатысты сот процесі жалғасып жатыр. Прокурор оған орташа қауіпсіздік колониясында 8 жыл бас бостандығынан айыру жазасын сұрады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі inaktau.kz порталына сілтеме жасап хабарлайды.
Тергеу теңіз сауда портының экс-президенті Абай Түрикпенбаевты Қылмыстық кодекстің мына үш бабы бойынша айыптап отыр:
- Қылмыстық кодекстің 28-бабы 5-бөлігі – "Қылмысқа жәрдемдесу";
- Қылмыстық кодекстің 190-бабы 4-бөлігі 2-тармағы – "Аса ірі көлемдегі алаяқтық";
- Қылмыстық кодексиің 361-бабы 1-бөлігі – "Қызметтік өкілеттіктерін асыра пайдалану".
Прокурор оны орташа қауіпсіздік мекемесінде 8 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады.
Іс бойынша басқа айыпталушылар
Жалпы сот алдында төрт адам отыр. Олардың арасында "Ақтау халықаралық теңіз сауда порты" ҰК" АҚ-ның коммерциялық жұмыс жөніндегі атқарушы директоры Ахмад Мұстафин бар. Оған мына баптар бойынша айып тағылған:
- Қылмыстық кодекстің 190-бабының 2 және 4-бөліктері – "Алаяқтық";
- Қылмыстық кодекстің 339-1-бабы 3-бөлігі 5-тармағы – "Сирек кездесетін және жойылып кету қаупі бар, сондай-ақ пайдалануға тыйым салынған өсімдіктер мен жануарлар түрлерінің бөліктері немесе туындыларымен заңсыз айналысу (ірі көлемде)".
Мұстафин үшін де мемлекеттік айыптаушы 8 жыл бас бостандығынан айыру жазасын сұрады.
ОқыңызСондай-ақ іс бойынша Нұркен Мақсат пен Бақтыбаев Бахытбек те өтуде. Оларға қызметтік өкілеттіктерін асыра пайдалану айыбы тағылған. Әрқайсысына ең төменгі қауіпсіздік мекемесінде 1 жыл бас бостандығынан айыру жазасы сұралды.
Барлық айыпталушылар теңіз портына 1,8 миллион теңгеден қайтаруы тиіс.
Айта кетейік, бұған дейін Ұлттық қауіпсіздік комитеті теңіз портының президенті қызмет бабын асыра пайдалануға қатысты күдікке ілінгенін хабарлаған еді. Ол 2025 жылдың көктемінде ұсталды. Түрікпенбаев 2017 жылдан бері еліміздегі ең ірі теңіз портын басқарып келеді.
Ақтау порты Қазақстанның “батыс қақпасы” деп аталады. Ол арқылы жыл сайын 3,5 миллион тоннадан астам мұнай, астық, металл және өзге де экспорттық жүктер тасымалданады.