Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Сот Екібастұзда сәбиін аштан өлтірген әйелге қатысты үкім шығарды

Павлодар облысында сегіз айлық бүлдіршінін жеткілікті тамақтандырмай, өліміне себеп болған тұрғын 1 жылға бас бостандығынан айырылды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото: Pixabay.com

Павлодар облыстық сотының деректеріне сай, Екібастұз қаласының Шідерті кентінде Т есімді тұрғын 2023 жылғы 10-17 қараша аралығында өзінің сегіз айлық баласына немқұрайлық танытып, оны жеткілікті тамақтандырмаған. Бұл абайсызда баланың өліміне әкеп соқтырды.

“Т есімді тұрғынның кінәсі сот-медициналық сараптаманың қорытындысымен, сарапшының айғақтарымен, басқа да құжат және заттай дәлелдемелермен дәлелденді. Т өз кінәсін толық мойындады және жасаған ісіне өкініш білдіріп, бас бостандығынан айырмауды өтінді.

Қылмыстық жауаптылық пен жазаны ауырлататын мән-жайлардың болмауына және жеңілдететін мән-жайларды ескере отырып, жаза мөлшері көрсетілген мерзімнің жартысынан, яғни 1 жылдан 6 айдан аспауға тиіс. Сотталушының жеке басы мен отбасылық жағдайын ескере отырып, сот оған 1 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Үкім заңды күшіне енген жоқ”, – делінген хабарламада.



Деректерге сай, бұл қылмыс ауырлығы аз санатқа жатады. Оған заңда 3 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеу не бас бостандығынан айыру түріндегі жаза көзделген.

Сотталушының тағы екі баласы бар. Алайда ол ата-ана құқығынан шектелген. Қазір балалары Павлодар облысы білім басқармасының "Екібастұз қаласының білім бөлімі" мемлекеттік мекеме қамқорлығына берілген.

Талқылау