Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Динара Сәтжан: "Ұлымды әскерге баруға көндіріп жүрмін"

Отандық тележүргізуші Динара Сәтжан “Esquire Kazakhstan” подкастына берген сұхбатында бұрынғы күйеуі мен ұлының арақатынасы туралы айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

©instagram.com/dinarasatzhan

“Ұлым әкесімен кездесіп тұрады. Бұрынғы күйеуім – керемет әке. Баланың тәрбиесімен көбіне мен айналысамын, бірақ қажет кезде әкесінен көмек сұрап, баламен сөйлесуін өтінемін. Баламның әкесі – өте еркін адам. “Мына мәселені шешу керек” десем, ол: “Бәрі дұрыс, уайымдама. Ол ақылды бала, оның қолынан келеді” деп мені тыныштандырады. Мен ұлым Даниялға сенемін. Ол өте байсалды ер азамат болып ержетті”, – дейді Динара Сәтжан.

Тележүргізуші жалғыз ұлының әскерге барғанын қалайды.

“Соңғы кездері ұлымды әскерге баруға көндіріп жүрмін. “Әскер сенің 1 жыл уақытыңды ғана алады” деймін. Мен журналист ретінде әскерде бірнеше рет болдым, репортаж түсірдім. Әскерге барған және бармаған жігіттің арасы жер мен көктей екенін бірден байқадым. “Бір жыл уақытыңды алады, бірақ әскерге барғаның өмірде пайдаға асады. Әскерге барсаң, мықты боласың” деймін ұлыма. Құдай сақтасын, бірақ алда-жалда бірдеңе болса, бізді кім қорғайды? Отан қорғайтындай жағдай болса, ұлымды жіберер едім. Қазір ол бұл туралы ойланып жүр. Мен үгіттеп жүрмін. Иә, әскердің жағдайын көріп жүрмін. Аптасына бір жуынады, жуынатын бөлме бәріне ортақ. Бір ер адам жайлы өмірге үйреніп алмауы керек. Қазіргі кезде барлығы қолжетімді, таңертең тұрасың, кофе ішесің, үйде жұмыс істейсің. Блогер болсаң, төрт stories үшін 1 миллион теңге аласың. Барлығы оңай болып кетті. Ал мен ұлымның жауынгер болғанын қалаймын. Тіпті бизнесте де мінез керек. Бірақ бұл ұсынысымнан бас тартса, мәжбүрлемеймін. Себебі бұл – оның таңдауы. Бұл ой маған әскерде десанттарды түсіріп жүргенде келді. Оларға қарап ұлымның да осындай азамат болғанын қаладым. Ұлымда қазір бәрі жақсы, бірақ әскери борышты өтеу де артық болмайды деп ойлаймын. Әскерге барса, қатардағы жауынгер болады. Мен ешқандай танысымды араластырмаймын. Балаларыма ештеңені жеңілдеткім келмейді. Тек қиын сәттерде бастан өткергенде ғана нағыз маман тәрбиеленіп шығады”, – дейді тележүргізуші.

Бұған дейін Динара Сәтжан жеке өмірі туралы бар шындықты айтқан болатын.

Талқылау