Атырауда 9 жастағы бала күйік шалып, қаза тапты
Бала сорпа құйылған қазанды қағып, қатты күйік алған. Атырау облыстық балалар ауруханасының дәрігерлері оның өмірі үшін ақырына дейін күрескенімен, баланы аман алып қала алмады, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі “ATPress.kz.” порталына сілтеме жасап.
Облыстық балалар ауруханасы өкілдерінің айтуынша бала ауруханаға 9 маусымда түсіп, жансақтау бөліміне жатқызылған. 14 маусымда бала қайтыс болды.
"Күйік аумағы 50-55% құрады. Баланың жағдайы өте ауыр болды. Біз Нұр-Сұлтандық мамандармен үнемі байланыста болдық. Қажетті емдеу шараларын жүргіздік. Бірақ баланы аман алып қала алмадық", - дейді травматология бөлімінің меңгерушісі Сергей Хван.
Ал Атырау облыстық балалар ауруханасының дәрігерлері ауыр науқастарды күйік орталығы бар Нұр-Сұлтан қаласына жібере алмаймыз деп алаңдап отыр.
"Елордалық ауруханада барлық қажетті құрал-жабдықтары бір тұтас бөлім бар. Біздің дәрігерлер қолдан келгеннің бәрін жасауда. Алайда біздің бөлімшеде қажеттінің бәрі жоқ. Мұның бәрі науқастың жағдайының ауырлығына байланысты. Нұр-Сұлтандағы күйік орталығының жағдайы жақсы, ауыр науқастарға көмектесе алады. Біз олардың дәрігерлерімен келіссөздер жүргізіп, науқастарымызды сонда жіберуге тырыстық. Бірақ нәтиже болмады. Өйткені олардың стационарлық жағдайы өңірлерден науқастарды қабылдауға мүмкіндік бермейді. Бұл мәселе барлық аймақтарда бар. Сондықтан оны министрлік деңгейінде шешу керек", - дейді Сергей Хван.
Сондай-ақ дәрігерлер өткен жылмен салыстырғанда балалар арасында күйік жарақаттары 1,5 есеге артқанын атап өтті. Жыл басынан бері Атырау облыстық балалар ауруханасына түрлі күйік шалған 200-ге жуық бала жүгінген.