Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Депрессия — қорқынышты ауру. Оны қалай емдеуге болады?

Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, депрессиядан адамдар соғыс, СПИД (ЖИТС) және ракқа қарағанда әлдеқайда көп көз жұмады. Бүгінгі таңда ауруханадағы науқастардың 40%-і депрессияға шалдыққан. Алайда мұны бірден байқау қиын. Ең ауыры – бұл ауру адамды сүю қабілетінен айырады. Осы орайда, Орталық Азиядағы психоанализ институтында білім алып жатқан болашақ психоаналитик мамандар депрессияның негізгі белгілерін атап, оны емдеу жолын ұсынды, деп хабарлайды Stan.kz тілшісі. 

депрессия

Адам «жүрегім ауырды» деп дәрігерге қаралады, бірақ мамандар оның денсаулығынан айтарлықтай кінәрат таба алмайды. Бұл дегеніміз – психосоматикалық бұзылудың алғашқы белгісі. Адам шешімін таба алмаған қиындығына тәнімен жауап беріп жатыр.

Осы орайда Гүлнұр Байболова депрессияның алғашқы кезеңдерінде дәрігер емес, жақсы психотерапевт, психолог, психоаналитик маман қажет екенін айтты. 

«Адам жоғарыда атап өткен мамандармен емделмесе, уақыт өте келе проблеманы тәні көтере алмай қалады. Осының салдарынан денсаулығында кінәрат пайда болады. Бастапқы кезде қан қысымы қатты көтеріліп, тамырлары бітеліп қалуы мүмкін. Ақырында мұның барлығы жүрек талмасына ұшыратады. Мұнымен қатар, депрессиясы асқынған адамдар да рактың ауыр түріне шалдығады. Яғни, рак – депрессияның соңғы кезеңінің көрінісі. Тән психологиялық ауыртпалықтарды көтере алмай кеткен», - дейді Гүлнұр Байболова. 

Қырғызстандық болашақ психоаналитик Әйгерім Жұмағұлова депрессияның негізгі белгілерін атады. Айтуынша, ол көңіл-күйдің болмауынан басталып, салмақтың 5%-тен көбірекке азаюына дейін барады. Кей жағдайда керісінше артып кетуі мүмкін. 

"Оларды тірі өлік деп атауға болады"

«Депрессияға шалдыққан адам өмірден бұрынғыдай ләззат ала алмайды. Мысалы, сіз журналист болдыңыз және мақала жазғанды, шараларға барғанды ерекше жақсы көрдіңіз делік. Алайда соңғы уақытта осы нәрселер керісінше қажытып жіберетін болса, онда депрессия туралы ойлануға болады. Өкінішке орай, адам өзінің депрессияға шалдыққанын білмей жүре беруі мүмкін. Әсіресе, келесі белгілерге барынша мән берген жөн: көңіл-күйіңіздің түсуі, әлемде жалғыз қалып қойғандай күй кешу, әрекеттеріңіздің тым баяу немесе жылдам болуы, шешім қабылдай алмай қиналу», - дейді Әйгерім Жұмағұлова.

Әрі қарай психоанализ институтының студенті депрессияға шалдыққан емделушісінің суицид туралы ойы болғанын айтты. Яғни депрессияны уақытылы емдемесе, адам ақырында өзіне қол салуы мүмкін. 

«Таңғы сағат 4-5 кезінде мазасызданып оянатын болдым. Әлеммен аздап байланыс жоғалтып алғандаймын. Сырт келбетіме күтім жасамай кеттім. Үй жинамадым, тамақ жасамадым. Үнемі жалғыз қалғым келе берді. Бірнеше айдан кейін төсектен тұрудан қалдым. Суицид туралы ойлар болды. Өзіме қол салудың тәсілдерін қарастыра бастадым. Бірде 9-қабаттың терезесінен төмен қарап тұрдым. Маған жер жап-жақын сияқты болып көрінді. 2-3 секунд өтсе болды сияқты көрінді. Бұдан басқа ешнәрсе сезінбедім» деп айтқан еді емделушілерімнің бірі. Суицидке адам жанына жара салған жанды жазалау үшін барады. Бұл клиентім ешкімнен қолдау таппай, шарасыз күйден осындай қадамға бармақ болған», - дейді Әйгерім Жұмағұлова. 

«Үнемі айналасын "қыздырып" жүретін адамдар да депрессияға шалдыққан болуы мүмкін»

Маманның сөзін әріптесі Айгүл Хайдарова жалғады. Осы орайда, депрессияға шалдығып, алдына келген науқастың оқиғасын бөлісті. 

«Расымен де, депрессияға шалдыққан адамның сыртқы ортаға деген қызығушылығы төмендейді. Оларды «тірі өлік» деп атауға болатын шығар. Бірде алдыма анасы көз жұмған науқас келді. Белгілі бір себептермен ішкі толғанысын сыртқа шығара алмаған екен. Мұның орнына бәрін ішке бұғып, анасының ескі заттарын жинай берген. Қоғаммен байланыстан ажырап қалған, ешкіммен сөйлескісі келмейді. Жаңа достары да жоқ. Мұны «психологиялық өлім» деп атауға болады. Ода апатия болды. Сондай-ақ, шектен тыс белсенді адамдардың да депрессияға шалдыққан болуы мүмкін екенін де ұмытпағанымыз жөн. Мысалы, үнемі әзілдесіп, күліп жүретін, барған ортасын қыздыра түсетін адамдар да осы ауруға шалдыққан болуы мүмкін», - дейді Айгүл Хайдарова. 

Тағы бір психолог Сая Бақимова депрессияға шалдыққан және экстроверт адамдардың да ұқсастығы болатынын бөлісті. Осы орайда, мамандарға оларды шатастырып алмауға кеңес берді. Айтуынша, экстроверттер ашық әрі айналасындағылармен қарым-қатынасқа тез түседі. 


Маман бедеуліктен қалай арылуға болатынын айтты

«Көз алдыңызға шашы сап-сары, үнемі күліп, омырауын ашып, қысқа белдемше киетін аруды елестетіп көріңізші. Қозғалысы да, айтқан сөзі де шапшаң. Еріндегі бояу да қып-қызыл, той-томалақтан шықпайды. Бұл экстроверт емес, депрессиядағы адам болуы мүмкін. Жоғарыда әріптесім тізген депрессия белгілерінің ішінде «кінә сезімін» ерекше атап өткім келеді. Ол депрессияны анықтау кезіндегі басты белгі десек те болады. Мұнымен қатар, депрессияға шалдыққан адамның салмағы күрт төмендейді. Кемінде бес пайызға төмендеп кетуі мүмкін. Сондай-ақ, белгілердің ішіндегі ең қауіптісі – ұйқысыздық. Себебі, бұл психологиялық қана емес, физиологиялық денсаулығыңызға да кері әсерін тигізеді», - дейді Сая Бақимова.

Мұнымен қатар, мамандар депрессия кезінде сексуалдық белсенділіктің де төмендеп кететініне тоқталып, ұйқысыздық кезінде антидепрессанттар ішпеуге кеңес берді. Себебі, антидепрессанттар ұйықтауға көмектескенімен, өмірге деген қызығушылықты арттырмайды. 

«Емдеу үшін депрессияға шалдықтыратын гормондардың бөлінуін тоқтату маңызды»

«Бүгінгі таңда депрессияны тек психоанализ емдей алады деп айтуға болады. Медицина мен ғылым әлі жете қоймады. Иә, антидепрессант ішуіңіз мүмкін, интернеттегі түрлі кеңесті тауып алып, спортпен шұғылданып, өзіңізді қинап қоғам қатарына қосылуға мәжбүрлеуге болады. Алайда проблеманың себебін жоймайынша, оның салдары да жойылмайды. Интернетте депрессияны емдеуге қатысты жазылып жүрген тәсілдер нейромедиатрлар жүріп өтетін нақты құрылған нейрондық байланыстарды табуға көмектесе алмайды.

Яғни депрессияға шалдықтартын гармондардың бөлінуін тоқтата алмайды. Ал психоанализ бүгінгі таңда сол нейрондық байланыстарды таба алатын ем түрі десек те болады. Депрессияның қас жауы – адамның өмірге деген шынайы ризашылығы мен алғысы. Дәл қазір отырып өмірде не нәрсеге ризашылық білдіретініңізді жазып көріңізші. Осының өзі емге алғашқы қадам болмақ», - дейді Қарлыға Бүйенбай. 

Көптеген адам психоаналитик, психолог мамандардың емі қымбат болғандықтан, өзін бұлай емдей алмайтынын айтады. Мұндайды қаладағы тегін психологиялық көмек орталықтары мен Орталық Азиядағы психоанализ институтының студенттерінің көмегіне жүгінуге болады.

Талқылау