Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Бедеуліктен қалай арылуға болады?

Қазақстан репродукция медицинасы қауымдастығының 2016 жылғы мәліметтеріне сүйенсек, елімізде жұбайлардың 15 пайызы балалы болмаған. Дәрігерлер бедеуліктің 70 пайыздық жағдайда емделетінін айтады. Ал психоаналитик мамандардың пікірінше, одан толықтай айығуға болады. Бедеулік диагнозы екі жыл жыныстық қатынаста бала сүйе алмаған жұптарға қойылады. Әйелдің бірнеше рет түсік тастауы да бедеулік болып есептеледі.  Бұл дерт көп жағдайда жұптың толыққанды өмір сүруіне кедергі жасайды.

Бедеуліктен қалай арылуға болады?

ДДҰ мәліметінше, 40-50 пайыз жағдайда бедеулікке күйзеліс себеп болуы мүмкін. Көңілкүйлік және тән денсаулығы арасындағы байланысты сараласақ, көңіл-күй күйзелісі тәннің ауруға деген сезгіштігін арттырады; созылмалы күйзеліс жасырын депрессия мен иммундық жүйенің супрессиясына соқтырады. Көңіл-күй эмоционалдық күйзелісі мен депрессия иммундық жүйені тұншықтырып қана қоймай, гормондық бұзылуларға алып келеді. Нәтижесінде ішкі органдар ауыра бастайды.

Психологиялық бедеуліктің нақты себептері мен салдары

Психоанализдің негізін салушы Зигмунд Фрейд тән ауруының психосоматикалық механизмін сипаттаған болатын. Невроз кезіндегі көңіл-күйдің қозуы соматикалық проблемаларға әкеліп соқтырады. Біздің тәніміздегі аурулар – санамызда өз шешімін таппаған проблемалардың нәтижесі. Бұл проблемалар әлі күнге дейін шиеленісіп тұрғандықтан, адамға тән арқылы белгі береді дейді ол. Бедеулік те сол белгілердің бірі.

Психолог-психотерапевт Людмила Шурдук бедеуліктің мынадай негізгі психологиялық себептерін атап көрсетеді: адамның жоспарланбаған бала ретінде тууы; әйелдің анасына деген жасырын агрессиясы; әйелдің өз өмірі үшін қорқуы; әйелдің ерлерді жеккөруі немесе қызғануы; әйелде еркек гормондарының көп болуы және тағы басқалар.

Маман бұл себептерді былай деп түсіндірді. Әйел адам жоспарланбаған бала болып туса, ол отбасын құрғанда балалы бола алмай қиналады. Бұл сценарий жиі қайталанып тұрады. Анаға деген жасырын агрессиясы да осыған алып келеді. Кей әйел өз өмірі үшін қорыққандықтан, бала туудан бейсаналы түрде бас тартады. Ал босанудан қорыққан әйелдің эндокриндік жүйесі де өзгеруі мүмкін. Бұл өз кезегінде әйелдің жөнсіз құсуы мен анорексияға шалдығуы арқылы көрініс табады.

Әр адамға анасының жүктілігі мен босану үдерісінің қалай өткенін білу маңызды. Себебі, бала туар кезде оттегі жетіспей қиналған болса, ол есейе келе бейсаналы түрде өлімге деген құштарлықты сезінеді әрі бедеулікке шалдығады. Алғашқы сәтсіз жүктілік, көмусіз қалған сәби, жоқталмаған сәби, баланың ата-ана махаббатынан ерте айырылуы – мұның барлығы да бедеуліктің психологиялық себептері. Адамның бала сүйе алуына өмірдің алғашқы жылдарында қасында болған адаммен қарым-қатынасы тікелей әсер етеді.

Психологиялық бедеулікті қалай емдейді?

Бедеуліктің психологиялық себептері болатыны туралы психоаналитик Анна Мергенбайқызы да айтады. «Физиологиялық себептің өзі психологиямен тікелей байланысты. Қазақта «Қай жерің ауырса, жаның сол жерде» деген мәтел бар. Мұнда «психоанализ», «психология» деген сөз жоқ. Бірақ соны меңзейді. Яғни, бедеу адамдардың жыныстық мүшесі ауырып тұр. Балалы болуға қиналып жүреді. Неге балалы болмады? Әдетте бедеу жандар медицина мамандарының көмегіне жүгінеді. Денсаулығын қалпына келтіргенімен, тағы да бала таба алмай қиналады. Әрине, психологиялық себептерге келу үшін бірінші медициналық көрсеткіштердің барлығынан өтіп шығу керек. Содан кейін ғана психологиялық себептерді емдеуге кірісеміз. Физиологиялық немесе соматикалық ауру дегеннің өзінде де, «Неге оның дәл осы жері ауырып тұр?» деген сұрақ туады. Тереңірек іздесек, себебі психологияда жатыр» дейді маман.

Ол бедеуліктің психологиялық себебінің қандай болатынын түсінуге көмектесетін бірнеше мысал келтіреді.

1-мысал. Бір әйел 16 рет түсік тастаған. Сонда бала жатырға бітеді, бірақ оны сақтап қала алмайды. Саналы түрде күйеуі баланы күтеді. Материалдық жағдайлары да жақсы. Соңында бұл еркекті әйелінің жақсы көрмейтіні анықталды. Әйел 10 жасында сыныптасына қатты ғашық болған. Өмір бойы сол жігітке тұрмысқа шығуды армандаған. Әлгі жігіт үйленіп кеткендіктен, бұл арманы орындалмай қалады. Оның үстіне халыққа танымал адам болғандықтан, теледидардан жиі көріп тұрады. Балалық шағындағы сезімі қайта-қайта есіне түсіп, бейсаналы түрде қазіргі күйеуінен бала сүйгісі келмейді. Соңында келіншек осы фактіні мойындап, ақырында ұлды болды.

2-мысал. 13 жылдан бері бір-бірін керемет жақсы көрген жұбайлар бала таба алмай жүр. Жоғарыда түсік болса, бұл жерде бала бітпей тұр. Еркек әйелін керемет жақсы көріп, оны мойнына мінгізеді. Әйел де оны қатты жақсы көреді. Бір-біріне деген махаббаттары Қыз Жібек пен Төлегеннен де артық. Отбасылық өмірде дауыс көтеріп, қас-қабақ түю деген нәрсе жоқ. Олар 13 жылдан кейін балалы болды. Бірақ әйел перзентханадан келемін дегенше, күйеуі ішімдікке салынып, басқамен жүріп кетті. Әйел көп жылдан бері күткен ұлымен бірге жалғыз сүмірейіп босағадан кірді. Сондағы себеп бұлардың бір-біріне деген шексіз махаббаты. Яғни оларға үшінші адам қажет емес. Бейсаналы түрде әйел дайын болғанымен, еркек шыдай алмады. Отағасында “әйелімнің өмірінде тек бір ғана еркек болуы тиіс” деген ой қалыптасқан. Ол әйелін өзінің сәбиінен қызғанған. Бейсаналы түрде туған ұлын өзіне қарсылас, бәсекелес ретінде қабылдаған. Еркек бірнеше жыл бөлек тұрса да, артынша қайтып келді.

3-мысал. Бірінші бала табылғанымен, екіншісі жоқ. Мұның әртүрлі себебі бар. Бірінші баланы ғашықтар асығыс, махаббатқа беріліп табады. Одан кейін отбасылық өмірде еркектің мінезі өзгеріп, дауыс та, қол да көтере бастайды. Дәл осындай агрессордан әйел бала тапқысы келе ме? Әрине, тапқысы келмейді. Кейде маған еркектер де келеді. Әңгімесіне қарасаңыз, алғашқы отасқан жылдары келіншегінен, оның туысқандарынан көңілі қалып қалған. Еркектер әйелінің туысқандарын көреді. Ал олардың кейбіреуі ауру болады. Арасында шизофренияға шалдыққандары да, көзі көрмейтін, мылқау, миының кемістігі бар жандар да кездеседі. Қыз бен жігіт болып жүрген кезде еркек мұны білмегендіктен, балалы болады. Ал екінші баланы еркектер келіншегінің науқас туысқандарына бола тудырғысы келмейді. Іштей “Менің де балам дәл сондай болуы мүмкін. Маған ауру бала керек емес” деп ойлайды.

4-мысал. Тұрмысқа шыққанға дейін әйелде барлығы тамаша болады. ЖОО-ға түсіп, мансабын құрастырғысы келеді. Отбасын құрған соң бұл мақсаттары орындалмай, іштей өкпе пайда болады. Еркек өз кезегінде “Маған үйде отыратын. Бала бағатын әйел керек” деп талап қояды. Келіншегін емтихан болатын күні құлыптап кетеді. Келіншек арманы орындалмаған соң жылап қоя береді. Сырттай кешіріп, өмірін жалғастырғанымен, ішкі жарасы сол күйінде қалып қояды. Тереңде жатқан өкпе, ашу, ыза салдарынан еркекті бала таппай жазалайды.

5-мысал. Келіншек екінші рет тұрмысқа шыққан. Бірінші некесінен 5 жасар қызы бар. Әлі күнге дейін бала таба алмай жүр. Ал қазіргі күйеуі бұған дейін екі рет шаңырақ көтерген. Екі ретте де баласы болмаған. Бірақ еркек “кінәрат менен емес” деп байбалам салды. Түрлі себеп айтып ақталды. Жақын арада маған келіп кеткен соң, күйеуін медициналық тексеруден өткізген. Артынша келіншек еңіреп жылап келді. Еркектің денсаулығында кінәрат бар екен. Яғни ол келіншекті осы күнге дейін алдап келген. Әйел діншіл болғандықтан, осы еркекпен қала беруді жөн көрді. Олар әлі күнге дейін бірге тұрып жатыр.

«Бедеулік жатыр болмаған жағдайда ғана емделмейді, мұнда еш психологиялық себеп жоқ», дейді Анна Құдиярова.  Ал емделу тәсіліне келсек, мұнда басты препарат – сөз, психоаналитик мамандар бедеуліктің психологиялық-индивидуалдық себебін анықтап, символдрама сынды тәсілдердің көмегіне жүгінеді.

Бедеуліктің тек психологиялық проблемалар салдарынан болатынына келіспейтін мамандар да бар. Алматы қаласы №4 қалалық ауруханасының гинеколог-дәрігері Айгүл Тұрсымбетова оның негізгі үш себебін атайды: алғашқы сәтсіз түсік, инфекциялық және гормондық аурулар.

«Көп жағдайда бұл дертке әйел түсік тастағаннан кейін шалдығады. Қазір түсік тастау оңай болды. Бұдан өзге жыныстық жолмен берілетін инфекцияның түрлері өте көп. Адамдар аса мән бермей, оны асқындырып алады. Нәтижесінде бедеулікке шалдығады», дейді Айгүл Тұрсымбетова.

Гинеколог емдеу үрдісінің ұзаққа созылатынын айтады. Алдымен анализ нәтижелері талданып, артынша емдеу шаралары басталады. Ал психолог маманға тек екінші дәрежелі бедеулікке шалдыққан әйелдерді бағыттайды.

«Анализ нәтижесіне орай ем тағайындалады. Әйел адамның бойында еркектің гормондары көп болса, ол бедеулікке шалдығады. Мұндайда медициналық препараттардың көмегіне жүгінеміз. Науқасты психолог маманға жиі бағыттаймыз деп айта алмаймын. Мысалы, әйел үлкен мерзімде түсік тастап өзіне келе алмай жүрген болса, ойланбастан психоаналитикке жібереміз. Әдетте бедеуліктің психологиялық проблемаларын талдауға уақыт жұмсамаймыз. Бізге ғылым көмектеседі. Көп мәселені ЭКО оңай шешеді. Ал бұл жерде үлкен қаржы рөл атқарады. Бедеулік 99 пайыз жағдайда емделеді деген пікірге қатысты ешнәрсе айта алмаймын. Аталған қиындықтың физиологиялық проблемаларын жоюшы маман ретінде оны 70-80 пайыз жағдайда емдеуге болатынын білемін», дейді гинеколог.

Психологиялық бедеулік саласында еңбек етіп жүрген маман Э. Фордтың айтуынша, әрбір бедеу әйел өз еркімен бала туғысы келмейді. Олар аналарына деген агрессия мен ерлерге деген жеккөрініш сезімінен арылған кезде ғана балалы бола алады. Яғни, әйел мен еркек бейсаналы немесе саналы түрде балалы болудан бас тартқандықтан, бедеулікке шалдығады. Десе де, бедеуліктің себебі әр адамда әртүрлі болуы мүмкін. Оны тек адамның психологиялық мәдениеті мен маманының біліктілігі шешпек. Ал қай саланың маманын таңдайтыны әр адамның өз еркінде.

Қарлыға БҮЙЕНБАЙ


Нәрестенің жынысын қалай анықтауға болады?

Талқылау
Пікір
Қазір оқып жатыр
Çàãðóçêà...
Қазір оқып жатыр